Степногорск қаласында 23 мамыр күні ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты ерекше музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ел руханиятына серпін берген бұл іс-шараны Степногорск қалалық әкімдігі мен қаланың Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырды.
Кештің басты мақсаты – Абайдың ұлағатты мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оның шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, жастарды рухани кемелдікке жетелеу болды.
Сахна төрінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Абайдың жүрекке жетер әндерін әуелете шырқап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Қатысушылар мен тыңдармандар бір сәт Абай әлеміне еніп, дана ақынның сырлы әуендері арқылы терең ойға шомды.
Іс-шара аясында журналист Жарқынбек Жұмаділұлы БАҚ өкілдеріне арнайы Астанадан Степногорск қаласына рухани бағыттағы іссапар ұйымдастырды. Шығармашылық топ кештен бөлек бірқатар мазмұнды шараларға да қатысты. Атап айтқанда, олар қалалық кітапханада өткен «Артық білім кітапта...» атты рухани кездесуге барды. Сол жерде академик-дәрігер Толқын Ақанұлының дәстүрлі медицинаға арналған «Қазақтың шипалы емдері», «Қазақ емшілігіндегі тамыр ұстау», «Емшілердің атасы Лұқман Хакім» атты ғылыми еңбектері мен әдеби бағыттағы «Алтай жырлары», «Толқын» атты жинақтарының таныстырылымына қатысты. Сонымен қатар, қатысушалар Степногорск қалалық музейіне барып, өлкенің тарихи-мәдени мұрасымен де танысты.
Кеш барысында қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы сөз сөйлеп, өнер иелеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Абайдың 180 жылдық мерейтойы – тек бір ақынның ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалауға берілген мүмкіндік. Бұл – болашаққа бағдар жасап, ұлт ретінде өзімізді тануға бағытталған маңызды уақыт, – деді ол.
Абай шығармашылығына арналған рухани кеш пен қатарласа өткен мәдени іс-шаралар қаланың тыныс-тіршілігіне ерекше серпін беріп, көрермен мен қатысушылардың көңілінен орын алды.