Биыл Баянауыл ауданында есімдері елге мәшһүр төрт бірдей тұлғаның мерейтойы аталып өтеді. 15-16 тамыз күндері Мойылды шатқалында этноауыл бой көтеріп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақын, композитор Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдығына, журналист, сатирашы Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына, жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына және кинорежиссёр, композитор Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына орай Баянауыл жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді.

- Өнердің дамуына әйгілі жерлестеріміз, мәдениет және өнер қайраткерлері зор үлес қосты. Бүгінгі жас буын олардың еңбегін білуі маңызды. Ал ғалымдар мен тарихшылардың қызметінің маңызды бағыттарының бірі — олардың Қазақстан мәдениетінің дамуына қосқан үлесін зерттеу, зерделеу және насихаттау. Осы себепті ауданымыздағы Мойылды шатқалында үлкен той өтеді. Оның аясында «Рухы биік тұлғалар» атты республикалық конференция, республикалық ақындар айтысы, дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, қаламгерлер арасындағы шығармашылық және сатиралық байқаулардың қорытындысы жасалады. Ғылыми конференция жұмысына атақты жерлестеріміздің ұрпақтары, ғалымдар, жазушылар, оқу орындарының оқытушылары, тарихшылар, өлкетанушылар, музей, архив және кітапхана ісі мамандары қатысады,-деп хабарлады Баянауыл ауданы әкімдігінен.

Аталған мерекелік іс-шараларға республиканың әр түпкірінен мәдениет және өнер өкілдері келеді деп күтіліп отыр. Ауданда ат бәйгесі, ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылады.

Павлодар облысы