Әзірге бұл бағытта бюджеттің миллиардтары үздіксіз игерілуде, бірақ нәтиже жоқтың қасы.
Кеше Германияда аяқталған студент жастардың олимпиадасы – Универсиада қорытындысы сарапшыларды шошынтты және отандық спорттың сол бұрынғыдай нашар жағдайда екенін паш етті.
Жаһандық жарысқа ең ірі команданың бірін – 75 спортшысын апарған Қазақстан медалдік жалпы есепте 58 мемлекеттің ішінен соңындағы 37-ші орынды місе тұтты. Қазақстанның намысын қорғаған Самирхон Абабакиров қана таеквондодан жалғыз алтынды еншілей алды.
Көшбасшылар – азиялықтар: Жапония мен Қытай І-ші және ІІ-ші орынды бөлісіп, Американы үшінші орынға ығыстырды. Қазақстан үкілеп, үміт артып апарған жас дарындардың көбі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті еместігін паш етіп, соңғы орындардан көрінді.
Ал, Өзбекстан өрендері өз елін әлемдегі 13-ші орынға, соғыс жүріп жатқан Украина ұландары – 14-ші орынға биіктете алды. Тіпті 3,7 миллион халқы ғана бар құйтақандай Грузияның өзі бізден жоғарғы 30-шы тұғырға табан тіреді. Өзгесінің де жағдайы Қазақстаннан көш ілгері. Айталық, жеңіске құштарлық танытқан әзербайжандық шағын құрама 24-ші орынды өзгелерден жұлып алды.
Қазақстандық спорттың кейінгі жылдары жеңілістен көз ашпағанына қарамастан, депутаттар Қазақстаннан "спорттық держава" жасауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта ел Парламенті биыл спортқа арналған тұтас заңнамалық түзетулер топтамасын қабылдады. Спортты қаржыландыру артты.
Мәжілістегі "Ақ жол" және "AMANAT" фракциясының депутаттары осыған қол жеткізу үшін не істеу керектігін көрсетіп, Үкіметке ұсыныстарын жолдады. Депутаттық корпустың пікірінше, Қазақстан қайтадан спорттық державаға айналуы үшін келесі қадамдарды жасауы қажет: біріншіден, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдердің мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы керек.
Екіншіден, ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасалуы керек. Үшіншіден, кәсіби спорт бизнеске берілуге тиіс. Әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Бюджетке байланған футбол, басқа кәсіби клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатқан жөн. Төртіншіден, бұған дейін мемлекеттен жалпы спортқа жұмсалған қаржының есебі берілуге тиіс.
Сондай-ақ мәжілісмендер биыл Ұлттық құрылтайда Президент Тоқаевтың "әрбір облыс, аудан, ауылда балаларға арналған футбол алаңын салу" туралы тапсырма бергенін де еске салды.
Елдегі екі ірі партияның депутаттары елдегі жарты мыңнан аса балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріндегі олимпиадалық спорт түрлерінің жетістіктері аз екеніне, нәтижесінің нашарлығына, бюджет ақшасының басым бөлігі желге ұшқанына мысал келтірді.
Дерегінше, республикада қазір 521 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі (БЖСМ) бар. Бұған жылына 144 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы шығындалады.
Бұдан бөлек, футболдан Балалар мен жасөспірімдердің 19 олимпиадалық спорт мектеп-интернаттары жұмыс істейді. Олардың әкімшілік және ағымдағы шығындарының өзі ел қазынасына жылына 29,7 миллиард теңгеге түседі.
Яғни, тек спорт мектептері 200 миллиардтай қаржыны "жеп" қояды. Бұл сомаға ауылда заманауи толық жарақтандырылған 200 мектеп салып шығуға болады екен. Ол 200 мектеп қаншама ғалым мен дарын шығарар еді. Оны жолай құртатын спорт мектептерінен нәтиже жоқ.
Масқарасы сол, депутаттар осы шығындардың 30 жылдан бері жалғасып жатқанына назар аудартып, бұл миллиардтарды 30 жылға көбейтті, сонда 5–6 триллион шыға келді. Бұл сомаға бүкіл Қазақстан халқының мектепке, балабақшаға және емханаға деген қажеттілігін "жабуға" болатын еді.
Қазақстан нағыз сау ұлтқа айналатын еді. Алайда ол триллиондар әлдекімнің қалтасында тұнды, шетелдегі виллаға айналып, швейцариялық банктердегі шотты толтыруы мүмкін.
"Мысалы, Қазақстан өз тарихында футболдан бірде бір рет Олимпиадаға қатысып көрген жоқ. Сонда алапат қаржы кетіп жатқан мектептер дайындаған түлектері қайда? Анау жылдары жар салып, миллиардтар шашып Бразилияға оқуға жіберген 78 балақайдың бір де біреуі футбол ойнаған жоқ. Ең өкініштісі, стадиондарымыз Кеңес одағынан қалған, көне, кемі 70 жыл бұрынғы көң-қоқыр. Қазақстан 30 жылда 1 стадион салса, Өзбекстан еуростандартқа сай 10 стадионнан салып тастады. Сондықтан Өзбекстан жаһандық әрбір жарыстан келі-келі алтын арқалап қайтады", – деп қынжылды депутат Қазыбек Иса.
Бірақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов оптимизмге толы. Ол спорт саласында бәрін "қатырып" жатқанын жеткізді. Бұл ретте осы министр де әлгі мектептерге үміт артады.
"Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері – үлкен спорттың іргетасы. Республикада балалар мен жасөспірімдердің 521 спорт мектебі жұмыс істейді, оларда 406 227 спортшы тәрбиеленуде. БЖСМ спортшылары 5 түрлі топта жаттығады: спорттық-сауықтыру, бастапқы дайындық тобы, оқу-жаттығу, спорттық жетілдіру, жоғары спорт шеберлігі", – деді ведомство басшысы.
БЖСМ-дерде барлығы 15 468 жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Демек, жаттықтырушы-бапкерлер біршама жеткілікті.
Сонымен қатар, республика бойынша осы спорт мектептерінде футболдан 242 секция жұмыс істейді, онда 40 291 спортшы футболды тұрақты ойнайды.
Министрдің дерегінше, Қазақстан одан бірде бір рет Олимпиадаға қатыспаса да, аяқдоп ары қарай басымдық болып қалады. Алматы қаласынан басқа барлық өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде футболды дамыту жүзеге асырылып келеді.
"Республикада олимпиадалық резервтің 14 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты және олимпиадалық резервтің 5 республикалық мектеп интернаты-колледжі жұмыс істейді. 2024 жылы бюджеттен интернаттарға 29,7 миллиард теңге жұмсалды. Ол қаражат еңбекақыға, іс-шараларға, спорт ғимараттарының жалдау ақысына, іссапарларға бөлінді", – деді Ербол Мырзабосынов.
Қазіргі кезде, оның мәліметінше, осы барлық мекемелердің спортшы контингенті 6 368 бала мен жасөспірімді құрайды. Оның ішінде небары 1 437 спортшысы ғана Қазақстанның ұлттық құрамасында.
Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие бапкер-оқытушылар саны да көп емес болып шықты. Бірақ министр олардың саны 74-тен 124 жаттықтырушыға дейін өскеніне мәз.
Министр Мырзабосынов та Қазақстанды спорттық державалар қатарына қайтаруға құштарланып отыр. Бұл үшін ары қарай заңнамалық базаны өзгерте береді.
"Министрлік биыл қабылданған заңды іске асыру мақсатында нормативтік құқықтық актілер әзірлеуде. Депутаттардың ұсыныстары сонда назарға алынып, НҚА әзірлеу жұмыстары барысында ескерілетін болады", – деді спорт министрі. Алайда қағаз бен сөзден іске қашан көшетіндерін нақтыламады.
Бір белгілісі, Қазақстан спорттық объектілерден тіпті де кенде емес екен. Тек олар ақылы, қалтасы қалың емес бұқараға, ауыл жастарына қолжетімсіз. Көшеде келе жатып, кенеттен спортпен айналысуға көңілі құлаған адам спорттық нысандарға кіріп, қалауын іске асыра алмайды, күзетші қуып шығады.
Өз кезегінде Туризм және спорт министрлігі спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанына сендірді. Мысалы, тек 2025 жылдың бірінші жартысында ғана елімізде 32 спорт нысаны іске қосылды. Тіпті алып ғимараттар ауылда да салынып жатыр.
"Ел игілігіне берілген нысандардың ішінде ерекше атап өтерлік жоба – Ақмола облысының Зеренді ауылында салынған жаңа спорт кешені. Бұл – мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен толықтай қаржыландырылған еліміздегі алғашқы спорт нысаны. Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын кешенде еркін және қазақ күресі, бокс, ауыр атлетика, шаңғы спорты және жалпы дене дайындығына арналған залдар, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинет, массаж және буфет бөлмелері, кір жуу орны, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, сондай-ақ 48 төсек-орны бар қонақүй қарастырылған", – деп хабарлады ведомство.
Назар аударатын жайт, 6 мың шаршы метрлік спорткомплекс тұрғызылған Зеренді ауылында 7 мың тұрғын ғана тұрады. Бұл да сұрақ тудырады.
Сала спортты қоя салып, ғылымға да құлаш ұрды. Министрлік Астанада бірнеше жылдан бері Ұлттық спорт университетінің құрылысы жүріп жатқанын еске салды. Спорт шенеуніктері оның құрылысы биыл бітетініне уәде бермейді, тек үміттенеді.
"Бұл білім ордасы колледж деңгейінен бастап докторантураға дейінгі кезеңді қамтитын мамандарды даярлауға бағытталған екен. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Кешеннің құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Университет базасында 500 колледж студенті, 2 000-нан астам бакалавриат, 60 магистратура және докторантура тыңдаушылары білім алады деп жоспарлануда", – деп мәлім етті спорт министрлігі.
Оның түлектері Бразилияда оқыған футболшы балалардың жолын құшпай, салаға қызмет етуге қалса, құп.