Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша Шымкентте «Ansar Gold» деп аталатын қаржы пирамидасы анықталды. Күдіктілер зергерлік компания ретінде өз әрекеттерін жасырып келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олар өздерінің алаяқтық тәсілдерін пайдаланып зергерлік бұйым саудасынан 5 ай бойы ай сайын 40-60 пайыздан табыс түсіреміз деп адамдарды алдап келген. Сонымен бірге қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларды өздерінің салымдарының сенімді қолда екенін айтып барынша сендірген. Олар ақшаларының ешқайда жоғалып кетпейтініне уәде беріп, кез келген жағдайда бастапқы құйған қаражаттарын қайтарып беретіндерін айтып әбден сенімдеріне кірген. Алайда «өтіріктің арты бір тұтам» демекші, алаяқтардың әдемі сөздерінің сыртында кәдімгі халықты алдау жолымен ақшасын жымқыру әрекеті жатты. Жеме-жемге келгенде зергерлік бұйымдардың саудасынан салымшыларға ешқандайда да пайда түскен жоқ, барлық төлемдер пирамидаға жаңадан кірген құрбандардың есебінен төленіп отырды. Дей тұрғанмен алаяқтардың қалтасына түсетін табыс азайған сәтте әлгі қаржы пирамидасының да іргетасы шетінен күйрей бастады.

Бүгінгі таңда екі жүздей адам алаяқтардың құрбанына айналып отыр. Олар «Ansar Gold» қаржы ұйымына 400 млн теңге қаражаттарын өз қолдарымен сеніп тапсырған. Қисапсыз ағылған қаржыны қалай жасырудың, банкоматтан білдірмей шешіп алудың жолын ойластырған алаяқтар жақын туыстарының жәрдеміне иек артқан.

Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның мәлімдеуінше күдіктілер өздерінің туыстарын дроп ретінде пайдаланған. Яғни банкоматтағы қаражатты қолдарына түсіру үшін туыстарының банктік карталарын уақытша ала тұрған. Осы аталған қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат құрықталып, қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда жатыр. Ал оның жеке мүлкі болып табылатын үйі мен автокөлігі болса тәркіленді.

Шымкент