Шымкенттегі үш тілде білім беретін №2 мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Дастан Рахыманберді әлемнің 12 еліндегі 74 университеттен ресми шақырту алды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, 11-сынып оқушысы Дастан Рахыманберді АҚШ жоғары оқу орындарына түсуге арналған SAT емтиханынан 1480 балл жинаған. Сондай-ақ ағылшын тілінен халықаралық IELTS сынағынан 7,0 балл алған.

"Қазір Дастан әлемнің 12 еліндегі 74 беделді университетінен ресми шақырту алды", – деп хабарлады әкімдік.

Дастан — астрофизикадан республикалық олимпиаданың жеңімпазы, қаржылық сауаттылық бойынша Қазақстан олимпиадасының күміс жүлдегері. Бұдан бөлек, ол 15-тен астам халықаралық хакатонда жүлделі орындарға ие болған. Олардың қатарында NASA ұйымдастырған жарыс та бар.

Жас түлек оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Кейінгі жылдары ол 40-тан астам волонтёрлік іс-шараға атсалысқан.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget