Маңғыстау облысында қандай лагерьлер жұмыс істейтіні туралы дерек мәлім болып, өңірдегі ақылы лагерьлердің бағасы туралы айтылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Otpannews .kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар және оқу озаттары мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде тегін демала алады. Алайда балаңыз мұндай санатқа жатпаса, не істеу керек?
Облыста мектеп жанынан ашылған барлық лагерь тегін. Бірақ мұндай тегін лагерьде баланың барлығы бірдей демалысын өткізе алмайды. Мектеп әкімшіліктерінің айтуынша, лагерьге жолдама берген кезде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына басымдық беріледі, соның салдарынан тізімге енбей қалатындар бар.
Менің қызым – оқу озаты. Жыл сайын мектеп жанындағы лагерьге тегін барып жүрді. Жазғы каникулын күтіп, лагерьге қуанып баратын. Биыл бізге «лагерьде орын жоқ» деді. Барлық орын аз қамтылған балаларға беріліпті. Ал оқу озаттарына неге жолдама берілмеді? Лагерьде демалу — жақсы оқуға талпыну үшін мотивация ғой, – деп ата-ана әлеуметтік желіде жазды.
Ақтаудағы кейбір жеке мектептердің жанында лагерьлер ұйымдастырылған, бірақ мұндағы бір айлық демалыс құны сол мектептегі бір айлық оқу ақысына тең. Оның үстіне, бұл лагерьлерде оқу кезіндегідей тасымал (развозка) қарастырылмаған. Мұнда бір ауысымның бағасы – 120 мыңнан 200 мың теңгеге дейін.
Сондай-ақ Ақтауда дамыту және шығармашылық орталықтар, мектепке дайындау курстары, сурет, робототехника, IT, аспаздық бағыттағы үйірмелер жанынан құрылған ондаған лагерь жұмыс істейді. Мұнда балалар жарты күнге немесе толық күнге қабылданады. Бағдарламада түрлі шеберлік сабақтары, экскурсиялар, киноға, аквапаркке бару, спорттық және ойын-сауық іс-шаралары бар. Жарты күндік лагерь (5 күн) – 20-30 мың теңге, дәл осындай бағдарламамен 10 күндік демалыс – 45-65 мың теңге, толық күн лагерьде болу (екі мезгіл тамақ пен экскурсиялармен) 5 күнге – 70 мың теңгеден, 10 күнге – 120 мың теңгеден жоғары.
Қала сыртындағы лагерьлердің бағасында да айтарлықтай айырмашылық жоқ. Мысалы, Жаңаөзендегі бір лагерь тек ата-аналары кәсіподақ мүшесінде бар балаларды ғана қабылдайды, қалған лагерьлерде ақылы демала беруге болады. 7 күндік демалыстың құны – 180 мыңнан 260 мың теңгеге дейін.
Лагерьді таңдау – әр отбасының бюджетіне тікелей байланысты. Дегенмен, лагерьде уақыт өткізу – бала үшін пайдалырақ болары анық.