Жалпы биыл 221,1 мың тонна картоп, 58,8 мың тонна пияз және 34,7 мың тонна сәбіз жинау жоспарланып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі жағдайы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7%-ды құрады. Жылдық инфляция баяулап, 11,3%-ға дейін төмендеді (2025 жылдың желтоқсанында – 13,5%, қаңтарда – 12,9%, ақпанда – 12,7%, наурызда – 11,7%).
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі қатарынан үшінші апта бойы 0% деңгейінде сақталуда. Бағаның тұрақтануына негізгі үлесті Астана және Алматы қалалары (өсім – 0%), Шымкент қаласы мен Түркістан облысы (-0,1%), Алматы облысы (-0,5%), Ақмола облысы (-0,9%) сияқты ірі өңірлер қосып отыр.
Бағаның ең көп төмендеуі қызанақ (-25,6%), қырыққабат (-18,7%), сондай-ақ күнбағыс майы, балық, қарақұмық жармасы мен ұн бойынша тіркелді. Сонымен қатар кейбір көкөніс түрлері бойынша өсім сақталуда. Мысалы пияз – 28,6%-ға, сәбіз – 15,7%-ға, картоп – 10,4%-ға қымбаттады. Жаңа піскен өнімдер саудаға шығарылған сайын баға динамикасы да тұрақталады деп күтілуде.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, биыл ішкі нарықты жаңа піскен көкөністермен қамту тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл "Жасыл дәліз" тетігін жүзеге асыру және ішкі нарықты импорттық өніммен толықтыру есебінен қамтамасыз етілді. "KTЖ Express" желісі арқылы көрші елдерден шамамен 20 мың тонна картоп, 10 мың тонна сәбіз, 6 мың тоннадан астам пияз және 22 мың тонна қырыққабат жеткізілді. Бұл маусымдық ауытқуларды азайтып, жергілікті өнім жаппай піскенге дейін нарықтағы ұсыныстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабатты жинау жалғасуда. 22 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 263,6 мың тоннаның 158,6 мың тоннасы жиналған.
Жалпы биыл 221,1 мың тонна картоп, 58,8 мың тонна пияз және 34,7 мың тонна сәбіз жинау жоспарланып отыр. Негізгі көлемді Түркістан облысы қамтамасыз етеді. Оған қосымша Алматы және Жамбыл облыстарынан келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар өнім өткізу тізбегіндегі тиімсіз делдалдарды жою және тауар қозғалысы жүйесін ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері әкімшілік айыппұлдар саны 14,5%-ға артты, 1,5 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды. Бөлшек саудадағы 3,5 мыңнан астам сауда субъектісін өніммен қамтамасыз ететін 400-ден астам көтерме сауда жеткізушісі жауапкершілікке тартылды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрінің айтуынша, тауар өткізу желілеріне цифрлық талдау жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері 17 мыңнан астам электронды шот-фактура тізбегі талданып, сауда, салық және монополияға қарсы заңнаманы бұзудың шамамен 2,5 мың тәуекелі анықталды.
Сауда үстеме бағаларын негізсіз арттыру фактілері тұрақты бақылауда. Жұмыс заңбұзушылықтардың жолын кесуге де, жосықсыз әрекеттердің алдын алуға да бағытталған.
Айжан Бижанова Астанада NU жанындағы Ұлттық аналитикалық орталық пен Magnum сауда желісі бірлесіп жүзеге асырған отандық өнімдерді ілгерілету экспериментінің нәтижелерін таныстырды. Жоба аясында дүкендерде төрт апта бойы "Қазақстанда жасалған" таңбалауына басымдық берілген баннерлер, стикерлер, сөре таспалары және аудиохабарландырулар қолданылған. Нәтижесінде пилоттық жоба жүзеге асырылған дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы 20%-ға өскен. 1 шілдеден бастап жобаны Қазақстан бойынша ауқымды түрде тарату жоспарлануда.
Жиын соңында Серік Жұманғарин бақылау шараларын күшейтуді, оңтүстік өңірлердің өндірушілерімен ерте пісетін көкөністер бойынша келісімшарттар жасауды жалғастыруды және өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз етуді тапсырды.