Марқұм Ислам Үсенов – теміржол саласында жолсерік болып қызмет еткен. Артында жесір жары мен екі баласы қалды.
Жамбыл облысында жекеменшік медициналық орталықта екпе салдырғаннан кейін қайтыс болған 29 жастағы Ислам Үсеновтің туыстары әділдік талап етіп отыр. Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға алты ай өтсе де, адам өлімі орын алған медициналық бөлімшенің әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатқанына наразы, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.
Марқұмның жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға болған емшара бөлімшесінің адам қабылдауға лицензиясы болмаған. Соған қарамастан, орталықты жабуға лауазымды тұлғалар кедергі келтіріп отыр деп санайды.
Тойдың ертеңіне ол өз еркімен жекеменшік емдеу орталығына барып, екпе салдырған. Әкесінің сөзінше, тамырға жіберілген дәріден кейін Исламның денесі дірілдеп, біраз уақыт бойы есін жия алмаған. Алайда жедел жәрдем тек оның жан тәсілім еткен соң ғана шақыртылған.
Осы оқиғадан кейін ел бойынша жекеменшік емшара орталықтарына жаппай тексеру жүргізілді. Тек Тараз қаласының өзінде 133 орталықтың 93-і заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Олардың барлығына қызметін тоқтату туралы шешім шығарылды. Алайда, Ислам Үсенов көз жұмған бөлімшенің әлі күнге дейін жұмыс істеп жатқаны марқұмның туыстарын алаңдатып отыр.
"Айша Медикал" орталығын жабуды, ондағы лицензиясы жоқ медицина қызметкерлерін жауапқа тартып, істі тергеу мен сотқа тез арада жолдауды талап етемін. Қазіргі таңда №1 қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі тарапынан тергеудің дұрыс жүргізілмегені үшін прокуратураға арыз жаздым", – дейді қайғылы жағдайға душар болған азаматтың әкесі Темірхан Үсенов.
Марқұмның туыстарының сөзінше, екпе салынған орталықтың жабылмауы – құзырлы органдардың қамқорлығына байланысты болуы мүмкін. Өйткені жауапты мекеменің басшысы Ислам Үсеновтің өліміне медициналық препараттың себеп болғанын растаған. Сонымен қатар, дәрігерлердің ешқандай лицензиясы болмағаны және орталықта қолданылған дәрі-дәрмектердің сақтау мерзімі өтіп кеткені де анықталған. Соған қарамастан, мекемеге шара қолданылмай отыр.
"Тексеріс нәтижесінде 38 нысанға 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Тексерілген нысандардың көпшілігінде дәрігерсіз қызмет көрсетілген. 38 мекемеде тек алдын ала медициналық кеңес беруге арналған кабинетке ғана лицензия болған, қалғанында тіпті рұқсат қағаздары жоқ", – деді ҚР Фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Айгүл Балғабаева.
Қазіргі таңда орталық пен мемлекеттік органдар арасында сот процесі жүріп жатыр. Ал жалғыз ұлынан айырылған Темірхан Үсенов әділдікке жетуге үміт артып, жұртшылықтан қолдау сұрайды.
Марқұм Ислам Үсенов – теміржол саласында жолсерік болып қызмет еткен. Артында жесір жары мен екі баласы қалды.