Ауыл тұрғындары 20 жылдан бері жерүсті өткелін сұрап келеді .

Ақтөбе қаласына қарасты Қызғалдақты елдімекенінің тұрғындары жиырма жылдан бері жерүсті өткелін салуды талап етіп келеді. Айтуларынша, теміржолды кесіп өту – күнделікті қауіпке айналған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.

Ауыл тұрғындары қалаға бару үшін шойын жолдан өтуге мәжбүр. Кейде тоқтап тұрған пойыздың астымен жүруге тура келеді. Бұл әсіресе мектеп оқушылары мен зейнеткерлер үшін қауіпті.

"Теміржолда алты жол бар. Балаларым сабаққа кеткенде қатты қорқамын. Пойыз тұрған кезде өту өте қиын, тіпті балаларды көтеріп өткізуге тура келеді. Ауруханадан қайтқанда да жолдан өту азап", – деді көпбалалы ана Гүлшара Төлесінова.

Елу түтіні бар шағын ауылдың тұрғындары негізінен қалаға қатынап жұмыс істейді. Бірақ олар үшін пойыз қозғалысы бір сәтке де толастамайтын теміржолды кесіп өту үлкен қатер.

"Қарттар мен балалардан қатты алаңдаймыз. Қыста қар басып қалғанда мүлде қиын. Амалсыз пойыз вагондарының астынан өтеміз. Жерүсті өткелі салынса, бәріміз үшін қауіпсіз болар еді", – дейді ауыл тұрғыны Әлібек Шегеров.

Алайда жергілікті билік өткел салу жоспарда жоқ екенін жеткізді.

"Қазіргі таңда экономикалық тұрғыдан қарағанда ол тиімсіз. Бұл елдімекен өте кішкентай, тұрғындар саны аз. Құрылыстың сметалық құжаттамасына қаржы бөлуге де болады, бірақ көпір салуға қомақты қаражат қажет. Сондықтан әзірге оны жүзеге асыру мүмкін емес", – деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Мирас Әжібаев.

Ал теміржолды айналып өтуге болатын балама жол бар. Бірақ ол үшін тұрғындар 3-4 шақырым жаяу жүруге тиіс. Оның үстіне, аялдама да тым алыс орналасқан.