Ержан Ашықбаев сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды", — делінген хабарламада.

Бұл қызметті атқарған Ақан Ақасұлы Рахметуллин мемлекет басшысының өкімімен лауазымынан босатылды.

Айта кетелік, Ержан Ашықбаев бұған дейін яғни 2021 жылдан бастап Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Биыл 26 қыркүйекте қызметінен босатылды.

Ержан Ашықбаев 1974 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген.

1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2012 жылы Гарвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар саласының маманы, мемлекеттік басқару магистрі.

Дипломатиялық қызметін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Төртінші департаментінде референт ретінде бастаған.

1999-2007 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған, сондай-ақ Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде іссапарда болған.

2007-2011 жылдар аралығында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші қызметтерін атқарған.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР үкіметінің ресми өкілі, 2012-2013 жылдары Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, 2013-2021 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымында болған.

Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын, түрік және француз тілдерін меңгерген.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз