Жұмысшылардың бірі Виктор Зайкин үш айдан бері 85 мың теңге жалақысын қолына алмаған .

Солтүстік Қазақстан облысында алпысқа жуық жұмысшы үш айдан бері айлығын ала алмай жүр. Олар Саумалкөл ауылын сумен қамтамасыз ететін компанияда еңбек еткен. Жаз бойы тегін жұмыс істеген қызметкерлер қазір күнкөрістен қиналып, биліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Жұмысшылардың бірі Виктор Зайкин үш айдан бері 85 мың теңге жалақысын қолына алмаған.

"Отбасым аш отыр. Дүкендер қарыз бермей қойды. Басшылықтан сұраймыз, бірақ нәтиже жоқ. Қатты қиналып кеттім. Біздің жағдайымызды ойлап жатқан адам жоқ", – деді ол.

Айлығы төленбегендіктен, кейбір қызметкерлер амалсыздан басқа жұмысқа ауысқан. Себебі компанияда жалақы ғана емес, зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыру төлемдері де бір жыл бойы аударылмаған.

"Мен бір ай бұрын жұмыстан кеттім. Өйткені тегін жұмыс істей алмаймын. Бірақ еңбекақымды алуым керек қой. Бұл жерде біздің құқығымыз тапталып отыр. Еңбек заңнамасы сақталмай жатыр. Қазір тоқсаныншы жылдар емес қой", – деді бұрынғы жұмысшы Никита Васильев.

Ал "Айыртау-Коммун Сервис" ЖШС директоры Азат Мұқанов қаржылық қиындықтарды жасырмады. Оның айтуынша, жағдайдың ушығуына судың жаңа тарифінің бекітілмеуі себеп болған.

"Маусым-шілде айының жалақысын бір апта ішінде төлейміз. Жақында тариф бекітілген соң қалған қарыздарымызды да өтейміз. Зейнетақы жарналары да аударылады. Жауапкершіліктен қашпаймын, осы айдың соңына дейін айлық мәселесін шешемін", – деді компания басшысы.

Алайда жалақысын әлі ала алмаған жұмысшылар уәде орындалмаса компанияны сотқа бермек. Сонымен қатар облыс әкіміне де арыздануға дайын екенін айтты.