Трамптың бейбіт жоспарына сәйкес, ХАМАС барлық тұтқындарды босатуға тиіс.
Қанды қақтығыстардан көз ашпаған Таяу Шығыста үміт оты қайта тұтанды. Израиль мен ХАМАС бейбіт келісімнің алғашқы кезеңінде келісімге келді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, талайдың тағдырын талқандаған кикілжің осымен тоқтауы мүмкін. Трамптың бейбіт жоспарына сәйкес, ХАМАС барлық тұтқындарды босатуға тиіс. Оның орнына Израиль екі мыңға жуық палестиналықты түрмеден шығарады. Ал әскері келісілген шепке дейін шегінеді. Алайда, шетелдік басылымдар Израиль қарулы күштері кері қайтқанымен, Газа аумағының 53 пайызы әлі де Тель-Авивтің бақылауында болады деп жазып жатыр.
Дегенмен, атыс тоқтайды дегенді естіген палестиналықтардың қуанышында шек жоқ. Тұрғындар би билеп, ән айтып, асыр салып тойлатып жатыр. Себебі, бұл қақтығыстың бейбіт халыққа ауыр тигені рас. Үстіне бомба түсіп мерт болғандардан да бөлек, азық таппай аштықтан ажал құшқандар да көп.
Кейінгі деректер бойынша, 2 жылдың ішінде 67 мыңнан аса Газа тұрғыны көз жұмды. 10 мыңға жуығы із-түссіз жоғалған. Израль тарапында да шамамен 1 700 адам құрбан болды.