Заңгердің айтуынша , соңғы уақытта қалың малды қайтарып алғысы келетін ер азаматтар саны артқан.

Соңғы уақытта елімізде қалың малды қайтаруды талап ететін азаматтардың саны күрт көбейген. Тіпті салт бойынша берілген кәдесыйды сот арқылы өндіріп алғандар да бар. Әсіресе, тойға дейін қалың малын беріп қойғанымен, әртүрлі себептермен отау құрмаған жастар заңгерлердің көмегіне жиі жүгінуде, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қазақ ұғымында "қалың мал" – байлық пен жомарттықтың, қыздың абыройының белгісі. Қазіргі таңда құдалық өткізіліп, кәдесый берілгенімен, той болмай қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Ең қызығы, екі жас екі жаққа кеткенімен, көп жағдайда қалың мал қайтарылмайды. Алайда тұрғындардың көбі қыз келіндік міндетін атқармаған жағдайда, жөн-жоралғы ретінде берілген ақша мен бағалы сыйлықтар кері қайтарылуы керек деп есептейді.

Мұндай жағдайды бизнеске айналдырып алған қыздардың бар екенін заңгерлер де растап отыр. Мамандардың айтуынша, егер қалыңдық босаға аттамаса, келісімшарт бұзылған болып есептеледі. Сондықтан екінші тарап өз уәдесін орындамаған жағдайда берілген сый қайтарылуы тиіс.


Оқи отырыңыз: Су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі


"Қыз үйіне барудан бас тартса, ал жігіт жағы келіспейтін болса, бұл келісімшарт орындалмады деп танылады. Егер қалың мал берілген кезде куәгерлер болса немесе жазбаша дәлелдер бар болса, азаматтық сотқа арыз түсіріп, келген шығынды өндіріп алуға немесе қалың мал ретінде берілген заттарды қайтарып алуға болады", – деді заңгер Ғабит Өмірбек.

Қалың мал – қазақтың төл дәстүрі. Мамандар ең бастысы – жастардың бір-біріне деген сыйластығы мен адами құндылықтары сақталуы керек екенін алға тартады.