Елімізде креативті индустрияға таласы барлардың тізімі бекітілді, деп хабарлайды 24KZ. Оған кино және анимация , мәдени нысандар, музыка, қолөнер, зергерлік іс сияқты бағыттардың 43 түрі енгізілген. Айта кетерлігі, ерекше қажеттілігі бар жандар да осы салада еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Оларға қолдау ауадай қажет. Креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасын таныстыру барысында Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан осындай ұсыныс тастаған еді.
Астанадағы әлеуметтік инновациялық хабтың іске қосылғанына көп бола қойған жоқ. Мұнда ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған түрлі дәріс өткізіледі. Мәселен, көзі нашар көретіндер үшін бүгін бейнелеуден шеберлік сабағы ұйымдастырылыпты. Әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров осы хабты құру үшін қомақты қаржы құйғанын айтады.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңның қабылданғанына үш жылдың жүзі болды. Ұлттық экономикамен тығыз байланыстағы жұмыстарды көріп отырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, әзір сылбыр. Қандай көмек алдық? Мына хабты әкімдіктің көмегімен аштық. Бұл енді жергілікті әкімдіктен қолдау. Республикалық қолдауды айтар болсақ, әлеуметтік кәсіркерлерге арналған 5 млн теңгенің бірреттік гранты және «Даму» бойынша жеңілдетілген несие бар. Осы ғана.
Креативті индустрияны ширату үшін Үкімет тарапынан бірқатар іс-шара қолға алынды. Арнайы хабтар ашылып, кәсіп иелеріне салықтық жеңілдіктер ұсынылған. Шығармашылықта шекара, шектеу жоғы рас. Дей тұрғанмен мүмкіндігі шектеулі жандар бұл жолы қолдаудан шет қалған көрінеді. Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан осыған налиды.
Кенжеғұл Сейітжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әлеуметтік кодексте де, басқа жерлерде де арнайы осы кәсіпкерлерге, осы жаңағы мүгедектігімен жұмыс істейтін азаматтарға ауыз толтырып айтарлықтай нақты салықтық жеңілдіктер жоқ. Мысалы, жеке мүгедектігі бар адамды алатын болсақ, біз кіргіздік оны. 5 мың АЕК-ға дейін, ол 20 млн теңгеге дейін осы ақшаны тапқан адам осы салықтан босатылады. Ал одан жоғары, иә, ол салықты төлейді. Ал бізде ондай жалақы алатын азаматтар бар ма? Жоқ.
Ерекше қажеттілігіне қарамастан сахнаның сырын меңгерген немесе қолөнерімен талайды сүйсінткен жандар көп. Оларды көбіне жер-жердегі әкімдіктер қолдайды. «Республикалық деңгейде демеуге ие болу үшін креативті индустрия туралы заң жобасына әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын енгізген абзал», – дейді депутат. Эмин Әскеров оның пікірімен толық келіседі.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Шын мәніне келсек, біз креативті индустрия бойынша қандай да бір жеңілдік алып отырғанымыз жоқ. Дей тұрғанмен өзімізді бұл салаға қатысы барлардың қатарына қоса аламыз. Мәселен, бізде киіз басатын цех бар, ата-бабамыздан мұра болып қалған қолөнерді дамытып жатырмыз. Сондай-ақ балалардың моторикасын дамытуға арналған ағаш ойыншықтарды жасаймыз. Хаб аясында креативті индустрияға қатысты бағыттар бойынша да жұмыс атқарып жатырмыз.
Креативті индустрияның мәдениет пен медиаға ғана қатысы бар деу қате. Озық ой, айрықша шешімді кез келген салада іске асыруға болады. Тек ондағы өлшемдерін айқындаудың құралдарын әзірлеген абзал. Осы ретте сарапшылардың «Креативті индустрия туралы» жаңа заңда осы ұсыныстар ескерілсе деген тілегі бар.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Бағдат Қайыркен, Арман Ақшабаев