Айыптұрақтар ақылы болады. Себебі, кей жүргізушілер мемлекеттік айып тұрақтарын тегін көлік орны ретінде пайдалануды әдетке айналдырған. Астанада осындай 4 тұрақтың барлығы лық толған. Өңірлердегі жағдай да осы. Алайда, сарапшылар мен қарапайым жүргізушілер айыптұрақтардың ақылы болғанын құптамай отыр.
Айыптұрағына көліктер түрлі себеппен жеткізіледі. Қылмыстық, әкімшілік істің жүргізілуі кезінде, көлігін дұрыс жерге қоймағандар мен жол апатына тап болғандардың, салығы мен айыппұлын төлемегендердің «тұлпарлары» осы жерге қойылады. Онсыз да шығынға батқан азаматтар үшін бұл жығылғанға жұдырық, — дейді автосарапшы Шыңғыс Құдайбердиев.
Шыңғыс Құдайбердиев, автосарапшы:
ЖКО болған күнде, елде де қандай да бір үлкен заң бұзушылық, түсініспеушілік болған күнде айып тұрағындағы көліктер 6 ай, 1 жыл, 2 жылға дейін созылып кетеді. Мысалы айып тұрағындағы көлік өзі ЖКО-ға түсіп, оны соттасып, сотта жеңіліп, және де айып тұрағына келген кезде ол жеңген жақ тараптың көлігін жасап беру керек. Өзінің көлігін жасау керек. Онымен қоса үкіметке айыптұраққа қосымша ақша төлеу керек. Оның көлігі бұзылып жұмыс істемей жатқан болса оның шығындарының бәрін кім жабады?
Қала тұрғындарының да пікірі осыған саяды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Біз келген айып тұрағында 800-ге тарта техника тұр. Олардың ішінде 15-20 жылдан бері иесі іздеп келмеген көліктер де бар көрінеді. Ал көбінесе азаматтар егер айыппұл көлемі аз болса бұл жерден көлігін алып кетуге асықпайды екен. Үйткені тұрақ 24 сағат тегін, қорғауда, қоршауда.
Яғни, азаматтар көлігін мемлекетке тегін күзеттіріп қояды. Көбінесе мас күйінде ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылғандар, мотоцикл иелері қыс маусымында жүрмейтіндіктен, өзге қалаға ұзақ уақытқа жол жүретіндер осындай құйтырқы әрекетке барады. Нәтижесінде жол ережесін бұзған көліктерді қоятын орын жетпей жатады, — дейді әкімдік өкілдері. Заңға енгізілген түзетулерді Сенат мақұлдады. Енді Президент қол қойса күзден бастап күшіне енуі мүмкін.
Оңғар Алпысбайұлы