Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жас кеншілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондықтан Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжіне оқуға түсуге ниетті жастар көп.

Мұндағы бір орынға екі үміткерден тіркеледі. Соңғы курста оқитын студенттер оқу тәжірибесінен кен орындарынан өтеді. Кәсіпорын жігерлі жастарды диплом алмай жатып, бірден жұмысқа қабылдайды. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған білім ордасы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлайды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорындармен арадағы байланыс одан әрі артқан.

Өркен Ғазизов, кенші:

Төртінші курста практика болады, ол трудоустройствомен жүреді. Бірақ дипломсыз-ақ қамтиды. Коллективпен жұмыс болғаннан кейін сол жақта жұмысқа қалуға болады. Бұл тиімді. Бітіргеннен кейін алаңдамайсыз, кіремін бе, кірмеймін бе деп. Бұл практика еңбек кітапшасына жазылады.

Жас кеншілердің көбі былтыр ғана ашылған «Болашақ» шахтасында жұмыс істеуді қалайды. Өйткені кен орнына соңғы үлгідегі техникалар әкелінген. Автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы бұрғылау бағдарламасы қойылған. Еліміздегі қара металл өндіретін ең терең шахта да осында. Қазір 600 кенші еңбек етеді. 30-дан астам маман Оңтүстік Африка, Чехия, Германияда тәжірибеден өтіп келген.

Асхат Олжабаев, тау-кен өндірісінің шебері:

Тәжірибелерімізді осы шахтада қолданып жатырмыз. Толық автоматтандыруға алдағы уақытта ауысамыз деген ойдамыз. Бізде нәтиже өте көп.

Жақсыбек Кемал