Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ресми полигондардың жетіспеушілігі, заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюі және өңдеу деңгейінің төмендігі елдегі экологиялық ахуалды ушықтырып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы ел бойынша 4,8 млн тонна коммуналдық қалдық шығарылған. Алайда оның тек 25,8%-ы ғана сұрыпталып, қайта өңделген, ал қалғаны тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына жіберілген. Осы ретте кеше премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Отырыстың аужайын айтпас бұрын еліміздегі қоқыс мәселесіне тоқтала кетсек.
2025 жылдың басында Қазақстанда 2973 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тіркелген, бірақ олардың тек 608-і ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұл – жалпы полигондардың шамамен 20%-ы ғана талапқа сай деген сөз. Қалғандары экологиялық қауіп төндіріп, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, 2024 жылы республика аумағында 1120 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 524-і жойылды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 224 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, тұрғындарға 87 млн теңге айыппұл салынды. Мамандардың айтуынша, тек Астана әкімдігі жыл сайын заңсыз қоқыс орындарын жою үшін 800 миллион теңге жұмсайды. Қоқысты полигондарға шығармай, оған ақша төлемей, ұзақ жол жүрмей-ақ, бос жатқан сайын далаға барып, сонда төге салуды жөн көретіндер бар. Ал кейін «ол жерлерді қалай қалпына келтіреміз?» «қоқыстарды қайда жібереміз?» деген сұрақтар туындайды. Қазіргі таңда елімізде ең қарапайым, бірақ экологиялық тұрғыдан тиімсіз әдіс – қоқысты көміп тастау қолданылып келеді. Өкінішке қарай Бұл мәселе әсіресе Астанада, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында өзекті болып отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу ісі біршама дамып келе жатқанына қарамастан, инфрақұрылымның жетіспеушілігі бұл саланың дамуына елеулі кедергі болып отыр. Қоқыс контейнерлері мен оны тасымалдайтын арнайы көліктердің жетіспеушілігі өткір проблемаға айналған. Бүгінде елімізде 133 мыңнан астам қоқыс контейнері тіркелген. Дегенмен, толыққанды жұмыс істеу үшін кемінде тағы 60 мың контейнер қажет. Бұл тапшылық әсіресе Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында айқын сезіледі. Ал Абай облысы мен Шымкент қаласында қоқысты мүлде сұрыптамай жинайды, бұл – қайта өңдеуге кедергі келтіретін үлкен фактор.Алайда олар бастапқы сұрыптау мен шикізат жетіспеушілігіне байланысты толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елде жыл сайын 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Алайда оның тек 26%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Биыл осы көрсеткішті 32%-ға, 2027 жылға қарай 36%-ға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда пластикті қайта өңдейтін 50-ден астам, қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін 40, шыныны қайта өңдейтін 7, резиналық өнімдерді қайта өңдеу бойынша 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда бұл кәсіпорындардың қуаттылығы мен өңдеу мүмкіндіктері елдегі қалдық көлемін азайтуға жеткіліксіз болып отыр. Заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен ғарыштық мониторинг жүргізілуде. 2024 жылы осы әдіспен 5 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны анықталған. Бұл технологиялық жаңалықтар экологиялық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 2612 полигон анықталып, оның 1175-і жойылды.
Депутаттың даты бар
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптау мен қайта өңдеу жұмыстары жүйелі деңгейде дамымай келеді. Бұл мәселені осы жылдың сәуірінде Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Парламент мінберінде көтерді. Оның айтуынша, бұл салада нақты нәтиже жоқ, ал салдарынан елді мекендер айналасын қоқыс полигондары басып жатыр.
«2050 жылға қарай әлемдегі қоқыс көлемі 3,4 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіште Қазақстанның да үлесі бар. Себебі бізде қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу – басы бар, аяғы жоқ тірлік болып тұр. Қазіргі жағдай көңіл көншітпейді. Ресми полигонға қоқыс төгу қымбат болғандықтан, қалдықты ел көзінен тасадағы жерлерге апарып төгетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қоршаған орта мен халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді», – деді депутат. Сәрсенғалиевтің айтуынша, қоқысты қайта өңдеуге қажетті инфрақұрылым мен жұмыс жүйесін дамыту үшін ауқымды қаржыландыру қажет. Бұл мақсатта өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) механизмі іске қосылған болатын. Жүйе қарапайым: қоршаған ортаны ластаушы компаниялар қалдықтарды жинап, қайта өңдейтін мекемелердің қызметі үшін қаржы төлейді. Оператор ретінде «Жасыл Даму» мемлекеттік компаниясы тағайындалған. Алайда, депутаттың айтуынша, қарапайым механизмді іске асыруда Экология және табиғи ресурстар министрлігі керісінше, жүйені күрделендіріп жіберген.
«Қайта өңдеумен айналысатын компаниялар істеген еңбегі үшін өздеріне тиесілі төлемдерін ала алмай қалды. Бұл бизнеске кедергі келтіріп отыр», – деді халық қалаулысы. Осылайша, депутат саладағы жүйесіздікті сынға алып, министрлікке қарапайым әрі тиімді жолмен жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, қалдықтарды басқару саласында реформа қажет.
«Себебі ол төлемді «Жасыл Даму» ұлттық компаниясы 3 пайыздық несие түрінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы беруді ұйғарған. Бұған 200 миллиард теңге көзделіпті, бірақ бұл мүлдем түсініксіз жағдай. Себебі қоқыс өңдеген компания атқарған жұмысы үшін өзіне тиесілі қаржыны қордан несие түрінде алуға мәжбүр. Демек министрлік қоқыс өңдеушілердің өздеріне тиесілі қаражатты 3%-дық кредит ретінде беріп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Біріншіден, Экологиялық кодекске сай ( 388-бап, 1-тармақ, 15-тармақша), Өнеркәсіпті дамыту қоры тек қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіп секторындағы жобаларды қаржыландыра алады. Демек қалдықты жинаумен, сұрыптаумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар қордың қаражатына қол жеткізе алмайды. Сәйкесінше олар күндердің күнінде тарифтерді көтеруді талап етеді. Ол кезде салмақ баяғы тұтынушыға түседі», – дейді Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, егер бұл мәселе шешілмесе, қоқыс полигондары жылдан жылға көбейе береді. «Мемлекет басшысы Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырғанда, серпінді өндірістік жобалар туралы айтқан еді. Бірақ Үкіметтің бүгінгі әрекетіне қарап, Қазақстандағы әрбір қоқыс өңдеуші зауыт – серпінді жоба секілді», – деді депутат.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, қоқыс өңдеу кәсіпорындарын нақты қолдау үшін мынадай қадамдар қажет: 1. ӨКМ операторына утильдік төлемдерді төлеу тетігін қайта қарау – Қазір төлем үлестіруде түсініксіздік көп, бұл компаниялардың қызметіне кері әсер етіп отыр. 2. Төлем мен несиенің аражігін ажырату – Қай кәсіпорынға тікелей төлем, қайсысына несие берілетіні нақтылануы керек. Қайта өңдеумен айналысатын мекемелер жұмысы үшін «Жасыл даму» компаниясынан несие емес, тікелей төлем алуы шарт. 3. Қоқыс жинау, тасымалдау, сұрыптау жұмыстарына қаржылай қолдау көрсету – Бұл тізбектің ең ауыр бөлігін атқаратын кәсіпорындар ұмыт қалмауы тиіс. 4. Өңірлік полигондарды қысқарту мен жауапсыз компанияларға санкция қолдану тетігін енгізу – Қоқыс жинау және өңдеу ісіне жауапты ұйымдардың тиімділігі қадағалану қажет. 5. ӨКМ тұжырымдамасын қайта бекіту – Уәкілетті орган салалық қауымдастықтармен бірлесе отырып, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі бойынша келісілген тұжырымдама қабылдауы және барлық құқықтық-нормативтік құжаттарды соған сәйкестендіруі қажет. Депутаттың айтуынша, осы ұсыныстар іске асса, сала жүйеленіп, нақты нәтиже беруі мүмкін. Ал қазіргі жағдайда Қазақстанның қоқыс мәселесі жылдан жылға ушыға түспек.
Экологиялық құқық бұзушылықтарға — қатаң шара
Сонымен Қазақстан Үкіметі экологиялық және рухани мәдениетті арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды қолға алуда. Кешегі Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселелер кеңінен қозғалды. Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеп, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын өзектендіру қажеттігін атап өтті. Бұған дейін премьер-министр қоғамдық орындарға қоқыс тастайтын адамдарға қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Бұл шаралар халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр. «Жаз айларында көптеген адам табиғатқа шығып, артынан қоқысын жинамай кетеді. Бұл – тек экологиялық емес, мәдени проблема. Сондықтан Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, осындай жауапсыз әрекеттер үшін қатаң шаралар қолдануға тиіс. Сонымен қатар халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстанда экологиялық мәселелерге қатысты халықтан түсетін шағымдар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, тұрғындар қоршаған орта мен қоғамдық кеңістіктің жағдайына бей-жай қарамай, мәселені шешуге белсенді араласа бастады.
Ел бойынша экологиялық шағымдардың басым бөлігі Шымкент қаласы, Ақмола және Ұлытау облыстарынан түсіп жатыр. Бұл өңірлерде халықтың экологияға қатысты белсенділігі жоғары, сонымен қатар, қордаланған проблемалар да көп екені байқалады. Министрдің айтуынша, былтыр іске қосылған @TazaQazBot Telegram чат-боты экологиялық мәселелерді шешуде тиімді құралға айналған. 2024 жылы ботқа 11 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның ішінде 10 мыңнан астамы қаралып, тиісті шаралар қабылданған.
Ең жиі көтерілетін мәселелер: аумақтарды тазалау – 2963 өтінім, қоқыс шығару – 662 өтінім, көшелерді абаттандыру мен тротуарларды күтіп ұстау – 607 өтінім түскен. Бұл көрсеткіштер халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін факторлар екенін көрсетеді. Министр Ерлан Нысанбаев кей өңірлерде әкімдіктердің өтінімдерге немқұрайлы қарайтынын айтты. Мәселен, Жетісу облысында әр алтыншы өтінімге азаматтар шағым түсірген. Ал Алматы қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы жеті өтініш Полиция басқармасына жолданып, әкімдік өз өкілеттігінен жалтарған. Министрдің айтуынша, мұндай мәселелер әкімдіктердің тікелей міндетіне жатады және олар тиісті шараларды өздері қабылдауы тиіс.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары «Таза Қазақстан» бастамасының аясында ауқымды экологиялық шаралар ұйымдастырылып келеді. 2019-2023 жылдары аралығында ел бойынша жылына орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге артып, 183-ке жетті. Бұл шараларға:6,2 млн адам қатысты (бұрын — 2,4 млн); 1,1 млн тонна қоқыс жиналды (бұрын — 900 мың тонна); 1,6 млн жасыл желек отырғызылды (бұрын – 2,5 млн ағаш). Бұл мәліметтер қоғамның экологиялық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ әлі де болса, табиғатқа немқұрайлы қарайтын азаматтар жеткілікті.
Полигондар – талапқа сай емес
Қазақстанда құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіндегі олқылықтар қоғам мен билікті алаңдатып отыр. Мемлекеттік деңгейде қабылданған түрлі экологиялық шараларға қарамастан, рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл экологиялық және әлеуметтік проблемалардың ушығуына себеп болып отыр.
Құрылыс қалдықтарын қоғамдық қоқыс алаңдарына тастауға тыйым салу экологияны сақтау жолында жасалған қадам болса да, ол күтпеген салдарға әкелді. Атап айтқанда, бұл шектеу рұқсат етілмеген үйінділердің көбеюіне түрткі болды. Себебі, тұрғындар қалдықтарды арнайы коммуналдық кәсіпорындарға өткізуді қымбат көреді, ал инфрақұрылым жетіспейді.
Шенеуніктер бұл мәселеге халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігін кінәлап келеді. Дегенмен, негізгі себеп – қолжетімді әрі жүйелі қалдық қабылдау жүйесінің жоқтығы. Көп жағдайда қалдықтарды полигонға заңды түрде тапсырудан гөрі, айыппұл төлеу арзанға түседі. Сондықтан да кей тұрғындар мен кәсіп иелері қалдықты оңай жолмен тастап кетуді жөн көреді. Мәселен, 2023 жылы елімізде 5,5 мың заңсыз қоқыс үйіндісі тіркеліп, олардың 86%-ы жойылған. Бірақ бұл сандар мәселенің тамырына балта шаппайды. Жаңа үйінділер үнемі пайда болып отырады. Тек табылғандары ғана жойылады, ал олардың не себептен пайда болғанын анықтау — назардан тыс қалып отыр.
Қалдықтарды басқару мәселесі бір ғана айыппұл немесе акция арқылы шешілмейді. Бұл – тұтас инфрақұрылым, мәдениет, және нақты жоспарлауды қажет ететін сала. Рұқсат етілмеген үйінділерді жоюдан бұрын, олардың пайда болуына жол бермеу тетіктерін нақтылау қажет. Әйтпесе, көзбояушылық пен кейінгі салдармен күрес жалғаса береді.
Қазақстанда қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) дағдарысқа ұшырауы экологиялық қауіпке айналуда. KazWaste Қазақстан қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы бұл салада мемлекет пен бизнес арасындағы сенім мен ынтымақтастық айтарлықтай әлсіреген.
Өткен жылдың шілдесінде Алматы әкімдігі қаладағы қоқыс тасымалдайтын ірі компанияны нарықты монополиялады деп айыптап, онымен жасалған МЖӘ келісімін бұзды. Бұл шешім жеке сектордың сеніміне сызат түсіріп, өзге өңірлерге де теріс әсер етті. Қалдықтарды басқару — тек коммуналдық емес, стратегиялық сала екенін ескерсек, бұл жағдай оның маңыздылығын елемеудің көрінісі ретінде бағалануда.
Ақтөбе қаласында да әкімдік коммуналдық кәсіпорынмен жұмысын тоқтатқан соң, үш апта бойы қаладан қоқыс шығарылмады. Бұл жаздың ыстығында жағымсыз иіс пен антисанитариялық жағдайға әкеп соқты. Ал Риддер қаласында «Фирма Эталон» ЖШС тұтынушыларға төмен тарифпен шығынға батқандарын айтып, алдын ала ескерту хатын таратты. Алайда көмек орнына кәсіпорынға заңбұзушылық туралы ресми ескерту келіп түсті.
KazWaste сарапшыларының айтуынша, қазіргі таңда негізгі кедергі — тарифтердің экономикалық тұрғыда негізделмеуі және тұрғындардың қызмет ақысын уақытылы төлемеуі. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша жиі кездесетін жүйелі проблема. Компаниялар жұмыс көлемін арттырғанымен, қаржылық ресурстары жетіспей, қызмет көрсету сапасы төмендеп барады.
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу саласы бірқатар құрылымдық кедергілерге тап болып отыр. Қайта өңдеудің алғашқы кезеңінен-ақ қиындықтар туындайды. Қалдықтарды бастапқыда бөлек жинау деңгейі өте төмен. Тұрмыстық қалдықтар кем дегенде «ылғалды» және «құрғақ» фракцияларға бөлінбегендіктен, сұрыптау жұмыстары қолмен жүргізіледі. Бұл қалдықтардың қайта өңдеуге жарамды бөлігін азайтып, процестің тиімділігін төмендетеді.
Қайта өңдеу кәсіпорындары көбіне тек экономикалық жағынан тиімді қалдықтарға ғана назар аударады. Олардың қатарында ПЭТ бөтелкелері, полиэтилен өнімдері, макулатура, тұрмыстық техника, шиналар бар. Басқа материалдардың үлесі аз және өңдеуге тиімсіз болғандықтан, сұрыптаудан кейінгі қалдықтардың басым бөлігі полигонға кетеді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Tabigat.gov.kz порталындағы интерактивті картада еліміз бойынша пластик пен қағаз қабылдайтын пунктер бар екені көрсетілген. Алайда тек 13 өңірде тұрмыстық техника, 3 өңірде ағаш қалдықтары қабылданады. Ақтөбе облысында ғана пайдаланылған сүзгілерді тапсыруға болады. Фандоматтар әзірге тек Астана қаласында орнатылған.
2024–2026 жылдарға арналған жоспар бойынша, мемлекет үздік еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа өңдеу зауыттарын іске қосу жобаларына 200 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда алдын ала пулға 60 млрд теңгенің 11 жобасы енгізілген. Бұл қаражат 3%-дық жеңілдетілген несие ретінде ұсынылады. Бірақ күмән да бар. Соңғы 1,5 жылда субсидиялау жүйесі тоқтап тұрған кезде 100-ден астам ҚТҚ жинап, сұрыптайтын жеке кәсіпорын банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатты. Қаржыландыру тетіктерінің кешігуі – саланың дамуына кері әсер етіп отыр. Енді мемлекеттен жаңа қолдау күткен бизнес иелері бөлінетін қаражаттың әділ әрі уақытылы үлестірілуін күтуде.
Қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігі үшін тек кәсіпорындарды қолдау жеткіліксіз. Контейнерлермен және көлікпен қамту, полигондарды заңдастыру және сұрыптауға жағдай жасау – бұл саланың ең шұғыл шешілуі тиіс бағыттары.
Ел аумағында 2973 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тіркелген. Бірақ олардың тек 608-і ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Қалғаны рұқсатсыз жұмыс істеп жатыр немесе тозығы жеткен. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі ауылдық елді мекендердегі полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдетіп, оларды заңдастыру процесін жеделдетуді көздеп отыр.
Әлем елдері қоқысты қалай өңдейді?
Дамыған елдердің көбінде тапталып жерде жатқан тұрмыс қалдықтары әжептәуір табыс көзі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Әлемде қоқыс қалдықтарын өңдеудің бірнеше тиімді жүйесі қалыптасқан. Әр ел өзінің экономикалық жағдайына, технологиялық мүмкіндігіне және заңнамалық базасына сүйене отырып, әртүрлі әдіс қолданады. Мәселен қалдықтарды өңдеуде әлем көшбасшыларының бірі Германияда қоқыс үш түрлі контейнерге (органикалық, қайта өңделетін, жағылатын) жіктеледі. Өндірушілер өнімнің орауын алдын ала қайта өңдеуге бейімдеп шығарады (ӨКМ принципі бойынша). Қоқыстың 65%-ы қайта өңделеді, ал полигондарға небәрі 1%-ға жетпейтін қалдық жіберіледі. Қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Францияда қоқыспен күресуде қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция қоқысты селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30% алюминий, 50% әйнек, сонша газет қағазын өңдіреді.
Көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Аспан асты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Супермаркеттерде пакеттердің шамадан тыс қолдануын шектеу мақсатында пакеттер берілмейді. Қоқысты жинау қызметі бір күнді тек бір қоқыс түріне арнайды. Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өңдіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті бүтін жасанды аралдар салып жатыр. Швецияда қалдықтың 99%-ы қайта өңделеді немесе өртеліп, жылу мен электр энергиясына айналдырылады. Тіпті өз қоқысы жетпеген соң басқа елдерден қалдық импорттайды. Оңтүстік Кореяда болса тамақ қалдықтарын бөлек жинап, арнайы чиппен өлшеп, төлем жүргізіледі. Қайта өңдеу көрсеткіші – 60%-дан асады. Әр тұрғыны бейнебақылау, QR код, төлемдер арқылы жеке жауапкершілікке тартылады. Сингапурде қоқыс өртеліп, қалдық күлі арнайы аралға көміледі. Қатаң заңдар мен жоғары айыппұлдар арқылы тазалық сақталады.
Жалпы әлемде қоқысты тиімді өңдеу, сұрыптаудан басталады. Қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым мен заң талаптарына тәуелді. Халықтың экологиялық мәдениетіне және мемлекеттік бақылауға негізделеді.
Түйін: Экологиялық қауіпсіздікке жауапты қалдықтарды басқару жүйесі шұғыл реформаларды қажет етеді. Мемлекет пен жекеменшік серіктестік сенім мен тұрақтылыққа негізделмесе, елімізде заңсыз полигондар мен санитарлық ахуал нашарлай береді. Кәсіпкерлерді қолдау, тарифтік саясатты қайта қарау және айқын ережелер арқылы ғана бұл дағдарыстан шығуға болады. Қалдықтарды қайта өңдеудегі басты кедергі – инфрақұрылым мен экономикалық ынталандырудың жетіспеушілігі. Иә, Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Ресми полигондардың жетіспеушілігі, заңсыз қоқыс орындарының көбеюі және қайта өңдеу деңгейінің төмендігі экологиялық жағдайды қиындатуда. Мемлекеттің қаржылық қолдауы, бастапқы сұрыптау мәдениетін арттыру және өңдеу жүйесін автоматтандыру арқылы ғана бұл салада нақты серпіліс жасауға болады. Әйтпесе, экологиялық мәселелер тереңдей береді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа технологияларды енгізу арқылы бұл мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Алайда, бұл бағыттағы шараларды күшейтіп, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру қажет.