Қызылорда қаласының дәл ортасындағы Мұратбаева 20 мекенжайында бірнеше айдан бері шешілмей келе жатқан қоқыс мәселесі ушығып барады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрғындар аулаға жиналған қалдықтардың иісі үйге кіріп, терезе ашу мүмкін болмай қалғанын айтады. Ескірген, тесігі шыққан контейнерлер қоқысты ұстап тұра алмай, қалдықтар бүкіл аумаққа шашылып кеткен.
Әкімдік бұл жағдайды «жабу» үшін аулаға биік қоршау орнатқанымен, мәселе одан шешілмей, тек көзден таса болғандай көрінгенімен, иіс пен антисанитария күшейе түскен. Халық бұл әрекетті нақты жұмыс емес, мәселені жасыруға арналған сәтсіз қадам деп бағалап отыр.
Қоршаудың артындағы қоқыс тау болып өсіп, бұралқы жануарлар көбейіп, санитарлық қауіп те арта түскен. Тұрғындар әкімдіктен жедел түрде аумақты тазалап, контейнерлерді жаңартып, қоқыс орнын халық тұрмайтын жерге көшіруді талап етуде.