Қарағанды облысы, Абай ауданында салынып жатқан қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы жақында аяқталады. Жаңа нысан ескі полигонның жанында орналасады. Кешеннің қуаттылығы жылына 15 мың тонна қоқыс өңдеуге жетеді. «Бұл өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», — дейді мамандар. Алдағы уақытта облыс аумағында тағы төрт кешен салу жоспары бар.
Абай ауданындағы қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы жақында аяқталады. Қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін, келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Мұнда пластик, алюминий құтылар мен қағазды сұрыптайтын заманауи желі орнатылған. Осы жерден жылына 15 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жөнелтіледі. Ауданда жыл сайын шамамен 6 мың тонна қоқыс жиналады. «Яғни кәсіпорынның қуаттылығы толық жетеді», — дейді мамандар. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 743 млн теңге бөлінген.
Кешен ескі полигон аумағында салынған. Мұнда қоқыс 50 жылдан астам уақыт бойы төгіліп келді. Тұрмыстық қалдықтар бес гектар аумақты алып жатыр. Бұл төңіректегі экологиялық ахуалды жақсарту кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Дмитрий Терёшин, аудандық түкш, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жалпы технология бойынша полигондардың пайдалану мерзімі 25 жылға есептелген. Ал бұл қоқыс төгетін аумақ әлдеқашан жабылуы тиіс еді. Сұрыптау кешенін іске қосқан соң, қоқыстың бір бөлігін сұрыптап, қалғанын көміп тастайды.
Осындай қоқыс сұрыптау кешені облыстың тағы төрт ауданында салынады. Бұқар-Жырау, Шет және Нұра аудандарындағы нысандардың құрылысына қатысты құжаттарға мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Ал Балқаш қаласындағы кешен жеке инвестиция есебінен салынып жатыр.
Галина Побиянская, эколог:
- Бұл — көптеген ауылдар мен шағын қалалар орналасқан аймақтар. Жұрт тұрмыстық қалдықты ретсіз төгіп келді. Сол себепті мұндай сұрыптау кешендері салынғаны әбден дұрыс. Халықты табиғатты аялауға шақыратын ақпараттандыру жұмысын да күшейткен жөн. Сонда ғана заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмысы өз нәтижесін береді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Өңірде спутниктік түсірілім арқылы 600-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Олардың басым бөлігі жойылды. Ал Қарағандыда қытайлық компанияның қатысуымен қоқысты жағып электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит