Енді астықты өсіру бар да, оны өткізу міндет . Жалпы нарықта өндіруден бұрын өткізу қиын. Біздің ел осы орайда логистиканы жандандырды.
Астық сақтайтын терминалдардың да қатарын көбейтті. Солардың ішінде маңыздысы — Ақтау теңіз порты. Қазір мұнда ірі контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Бұл жоба порттың әлеуетін үш есе арттырады. Маңызды тұсы — мұнда жүк жөнелту ғана емес, арнайы экономикалық аймақта қап шығаратын және құбыр өндіретін зауыттар да жұмыс істеп тұр.
Бүгінде Орталық Азиядан Еуропаға жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады. Жолды қысқартып отырған негізгі нысан — Ақтау теңіз порты. Жыл басынан бері «Ақтау порты» арнайы экономикалық аймағына 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінге дейін 34,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті қызметтер көрсетілді. Енді теңіз арқылы жүк тасымалын үш есе арттыру үшін ірі контейнерлік хаб салынып жатыр.
Қайрат Қалиолла, Ақтау халықаралық контейнерлік хабы бас директорының орынбасары:
- 19 га жер аумағында құрылып жатыр. Бұл контейнерлік хаб Каспий маңы елдері мен Орталық Азия елдерінің тұрақты контейнерлік сервистік парк ұйымдастыруды мақсат етеді. Бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің аяқталу жұмыстары осы жылдың аяғына мақсатталып отыр.
Бұдан бөлек, хаб аумағында контейнерлерді сертификаттау, жөндеу, өлшеу және сақтау секілді қызметтер көрсетіледі. Жоба толық іске асса, кешеннің жылдық өткізу қабілеті 240 мың жиынтық факторлық өнімділікке жетеді. Сәйкесінше жаңа жұмыс орындары ашылады. Тақауда Ақтау порты экономикалық аймағының аумағы 2,5 есе ұлғайды. Мұнда биылғы 7 айдың өзінде 8 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асты.
Кирилл Демченко, кәсіпорын басшысы:
- Біздің зауыт қап өндірумен айналысады. Қазіргі таңда біздің өніміміз химиялық немесе құрылыс саласында пайдаланылып жатыр. Жыл сайынғы үлесіміз 6 млн өнімге дейін жетіп жатыр. Бізде 100-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Біздің өніміміз еліміздегі әр облыстарға беріледі.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Қайта тиеу жұмыстарын дұрыс жүргізу үшін не керек? Контейнерлік хабы керек. Дәл сол хаб құрылысын жүргізіп жатырмыз. Қытайлық компаниямен бірге 2 сатыда жұмыс жүріп жатыр. Біріншісі аяқталды десек те болады. Ол Ақтау портында орын алған хаб. Контейнерлік хаб бізге жүктің түрін көбейту үшін, қайта тиеу жұмыстарын жүргізу үшін, тиімді жүргізу үшін қажет болып келеді.
Жалпы порттың пайдасы — эспорт көлемін 4 миллиард теңгеге жеткізді.Тағы бір маңызды нысан Ақтаудағы Құрық порты. Мұнда қазір «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы басталды. Ол транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны отандық және жаһандық серіктестер бірлесіп іске асырады.
Мадина Әнет, Semurg invest компаниясының бизнесті дамыту бойынша директоры:
- Жоба бірнеше терминалды қамтиды. Олардың арасында жалпы жүктер, әмбебап және астық сынды бірқатар терминал бар. Қазіргі таңда жалпы жүк терминалы іске қосылған. Бүгінде 270 мың тонна жүкті тасымалдап үлгердік. Өнімдердің ішінде металл, тыңайтқыш және астық бар. Негізі Қазақстанның әлемдік логистикада маңызы артып келе жатыр. Қытай мен Еуропа елдерінің құрлықтарды айналып жүргісі жоқ. Міне, еліміздің маңыздылығы да осында.
Қазір Мемлекет басшының Үкімет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі – экспортты дамыту мен отандық тауар өндірушілерді қолдау. Ал елдегі теңіз порттары – осы тұста айырықша рөлге ие.