Үкіметте заң жобалау жұмыстарының келер жылға арналған жоспары мақұлданды.

Бүгін министрлер кабинетінің отырысында биыл атқарылған істердің қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған заңнамалық жобалар белгіленді. Келер жылы ұзын саны 12 заң жобасын қабылдау көзделіп отыр. Үкімет басшысы әр құжатты сапалы әзірлеп, Мәжіліске уақытылы енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек, Италияда өтетін 25-ші қысқы олимпиада ойындарының дайындығы да пысықталды.

Үкіметтің биылғы жылға межелеген заңнамалық жобалар жоспары толық орындалды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызды бастамаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Парламент 5 заң қабылдап, Президентке қол қоюға жолдаған. Олардың қатарында құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ банктер мен банк қызметі туралы құжаттар бар. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетті қоса алғанда, 3 заңға қол қойды. Мәжілістің қарауында бүгінде 14 заң жобасы жатыр. Келер жылы Үкімет заң шығару жұмысындағы экономика мен әлеуметтік салаларының бағыттарына басымдық бермек. Оның бірі – мемлекеттік мүлікті басқаруды одан әрі жетілдіру, деді премьер-министр.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Мемлекеттің экономикаға қатысу шегін нақты айқындап, басқару ісіне қатысты құқықтық талаптарды бекітіп алу қажет. Біз жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін нормативтік базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың жүйелі әрі кешенді тәсілін қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар бар. Келесі жылы барлығы 12 заң жобасын әзірлеу көзделген.

Қысқы олимпиада: Қазақстанның 23 лицензиясы бар

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе – Италияда өтетін қысқы олимпиаға дайындық. Осыған қатысты туризм және спорт министрі әзірліктің барысына тоқталды. Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, XXV Қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама 10 спорт түрінен бақ сынап, спортшыларымыз 58 медальға таласады. Әзірге Қазақстанның атынан 35 спортшы қатысатыны белгілі. Олар биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы жарыстары, трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан өнер көрсетеді.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалды. Барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырмалдар беремін. Бірінші Туризм және спорт министрлігі Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етсін. Ешқандай көзбояушылық болмасын. Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты көмек көрсетуді тапсырамын.

Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды. Сонымен қолда 23 лицензия бар, деді құзырлы ведомство басшысы.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев