Алматы мәслихаты қаладағы ауа ластануын азайтуға және экологиялық талаптарды реттеуге мүмкіндік беретін атмосфералық ауаны қорғау бойынша жаңа ережені бекітті.
Мегаполистің экологиялық жағдайы өзекті. Былтыр Алматы агломерациясы бойынша ауаға таралған зиянды заттардың жалпы көлемі 225 мың тоннаға жетті. Оның ішінде 189 мың тоннасы Алматының үлесінде. Ауаның ластануына автокөліктер, өнеркәсіп орындары, жеке тұрғын үйлер әсер етіп отыр. Жаңа ережеге қозғалтқышты қосып қоюды шектеу, шығарындыларды тазарту жүйесін пайдалану сияқты міндетті талаптар енді. Қаланың жекелеген аудандарындағы ластану деңгейін төмендету мақсатында газы бар жерде көмір мен басқа да отын түрлерін жағуға, қоқыс өртеуге тыйым салынады. Сондай-ақ төмен шығарынды аймақта тек экологиялық талаптарға сай және тиісті тексеруден өткен көліктер ғана жүре алады. Бірақ бұл «таза экологиялық аймақтарға» кіру ақылы болады дегенді білдірмейді.
Алмасхан Сматлаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Барлық талаптар қолданыстағы санитарлық және экологиялық нормалармен үйлестірілген. Мақсат — жаңа тыйымдар енгізу емес, ең ластаушы көліктерді жолдан алу. Тексеру стандартты техникалық қызмет көрсету аясында жүргізіледі, қосымша процедуралар енгізілмейді. Шығарындылар нақты өлшенеді, деректер автоматты түрде тіркеледі және қолмен өзгертілмейді.