Іс-шараға шамамен 4000 адам қатысып, маусымның ең әсерлі оқиғаларының біріне айналды.


23 мамыр күні Алматыда алғаш рет Almaty Glow Ride атты ауқымды түнгі велошеру өтті. Велошерудің басты ерекшелігі, неонды стильдегі атмосфера болды. Жарқыраған велосипедтер, түрлі жарық элементтері бар киімдер мен қаланың орталық көшелерін бойлай өткен кешкі бағыт қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараны ең алдымен жүгіру велосипедтерімен шыққан кішкентай балалар бастап берді. Кейін негізгі топтағы велосипедшілер қала көшелерімен шеру жасап өтті. Жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын бағыт Төле би көшесі, Назарбаев даңғылы, Тимирязев және Желтоқсан көшелерін қамтыды.

Велошеру аяқталғаннан кейін Астана алаңында қатысушылар үшін ойын-сауық бағдарламалары, түрлі байқаулар мен сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Almaty Glow Ride алдағы уақытта дәстүрлі қалалық іс-шаралардың біріне айналмақ.