Бір пластик бөтелкенің табиғатта ыдырауына 400 жылдан астам уақыт қажет.

Пластик қалдықтары жер бетіндегі ең өзекті экологиялық мәселенің бірі. Ең үлкен қауіп оның жылдар бойы ыдырмай, қоршаған ортаға көп зиян келтіретіні болып отыр.

Қазір дамыған елдер Жердің ластанып біткенін айтып, дабыл қағып әлек. Дабыл қағатындай жөні де бар. Ресми деректер бойынша, 1950 жылдан бері өндірілген барлық пластиктің 9 пайызы ғана қайта өңделген. Қалғаны әлі күнге дейін қоқыс полигондарында, теңіз не топырақ астында қалып отыр. Жуырда Женевада пластик қалдықтарына қарсы алғашқы ғаламдық келісім туралы келіссөз өтті. Бірақ нәтижесіз аяқталды. Ондағы мәселе – әр қаптама қайта қолдануға немесе өңдеуге жарамды болуы тиіс деген талап еді. Мақсат – алғашқы шикізатты аз пайдалану және айналмалы экономикаға көшу. Бірақ тараптар ортақ шешімге келе алмады. Сарапшылардың пікірінше басты түйткіл өндірісті шектеу мен қаржының жетіспеушілігінде.

Андрес Дель Кастильо, Халықаралық экологиялық құқық орталығының аға заңгері:

- Аз ғана ықпалды мемлекет келіссөзді әдейі тежеп отыр. Ғылыми деректерді де саясиландыру олардың басты тактикасы. Бұл ғылымға емес, саясатқа негізделген шешімдерге алып келеді.

БҰҰ 2022-ші жылы пластикпен күресті күшейту үшін арнайы комитет құрған. Мақсат заңды күші халықаралық құжат қабылдау. Алайда алты раунд келіссөздің бәрі нәтижесіз аяқталды. Сарапшылардың пікірінше, егер тараптар ортақ шешімге келе алмаса, әлемді пластик дағдарысы одан әрі күшейеді.

Ингер Андерсен, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының атқарушы директоры:

- Бізге нақты әрі тиімді келісім қажет. Пластиктің теңізді де, қоршаған ортаны да ластауы тоқтауы тиіс. Егер қазір әрекет етпесек, жағдай бақылаудан шығып кетеді.

Халықаралық қауымдастық әлі ортақ келісімге келе алмай жатқанымен, қоқысты сұрыптап, пластикті қайта өңдеуді дәстүрге айналдырған елдер саны артып келеді. Әсіресе немістер пластик қалдықтарын азайтуға баса назар аударып отыр. Мемлекетте шикізаттың 98 пайызы қайта өңделеді. Десе де, көрсеткіш жоғары болғанымен, барлық пластик түрлерінің ыдырау мәселесі бірдей көңіл көншіте қоймайды. Әсіресе, полиолефиндер. Оларды жинап, сұрыптау қиын.

Модесто Песавенто, EPROPLAST басқарушы директоры:

- Полиолефинді созып, қабырғасын біркелкі етуге болады. Қайта өңдеу кезінде оның қасиеті жоғалмайды. Теориялық тұрғыда оны шексіз өңдеуге болады. Тек түсі өзгеріп, сұрғылт тартады. Сол үшін жаңа шикізат қосуға тура келеді. Бірақ басты кедергі ол баға. Өкінішке қарай қайта өңделген материал әлі де бастапқы шикізаттан қымбат. Қазір Еуропада жүйе біршама жолға қойылған. Бірақ басқа елдерде жағдай басқаша.

Теңіз демекші, Біріккен Ұлттар Ұйымы тағы бір зерттеу нәтижесін жариялады. Онысы елең еткізеді. Ғалымдар жыл сайын 12 миллион тоннаға жуық пластиктің мұхит пен теңізге төгілетінін мәлімдеді. Салыстырып қарайтын болсақ, бұл – әр минут сайын бір жүк көлігі суға қоқыс әкеліп төккенмен тең. Сондай-ақ сарапшылар ауаны ластаушы зат ретінде азық-түліктің сыртқы қаптамасын атап өтті. Тамақ қалдығын қоқысқа лақтырмас бұрын оны пластикалық ыдыстардан бөліп алу керек. Әсілінде тауысып жеуге тырысқан жөн. Ас-суыңыздың қалдығы тыңайтқышқа айналуы мүмкін, бірақ қаптамасы бұл іске жарамайды. Пластиктен бас тарту, оны сұрыптау мен қайта өңдеу ісі әлем елдерінде әлі де жеткіліксіз деңгейде. Мәселені шешіп, таза жерде тұру үшін жаһандық келісімдерден бұрын ең алдымен әр ғаламшар тұрғыны экологиялық жауапкершілікті сезінуі керек.