Биыл елімізде 10 жаңа фильм прокатқа шығады, деп хабарлайды 24KZ. Олар жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосатын, қоғамдағы кеселдермен күресетін жобалардың қатарын толықтырады. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени саясат тұжырымдамасын сәтті жүзеге асырып келеді. Оған сәйкес алдағы 5 жылда отандық фильмдердің жалпы прокаттағы үлесін 35%-ке жеткізу көзделді. Елдегі киноиндустрияның бүгінгі жайы қандай?

Отандық кинематография дамып келеді. Былтыр мемлекеттік қолдаумен ұлттық фильмдер түсіріліп, бірқатары халықаралық марапатқа ие болды. Ал қазақ тіліндегі туындылардың үлесі 20%-ке жуықтады.

Ғани Мұратов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасының басшысы:

- Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай отандық фильмдердің жалпы прокаттағы үлесі 35%-ке жетуін жоспарлап отырмыз. Өндірісі аяқталып, прокатқа арналған 54 көркем фильмнің 34-і бүгінгі таңда экранға шығып отыр. Жалпы 2025 жылдың өзінде 5 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, жыл соңына дейін тағы 10 фильм көрерменге жол тартады.

Айтпақшы, қазір салада алып-қашпа әңгіме мен жала жабулар жиілеген. Әсіресе қарашаңырақ саналатын «Қазақфильм» жерінің сатылатыны, бұған қоса оның қызметкерлері басшылықтан қысым көріп жатыр деген әңгіме тарады. Оған қатысты бүгінгі брифингте киностудия президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров ресми мәлімдеме жасады.

Айдар Омаров, «Қазақфильм» киностудиясы президентінің м.а.:

- Кез келген азамат «Қазақфильм» киностудиясына келіп, қызметкерлермен тілдесе алады. «Бұл жерде жұмыс істеу қаншалықты қиын?», – деп сұрақты төтесінен қоя аласыз. Бұл сауалға біреу теріс жауап береді деп ойламаймын. Себебі бізде 20, 30, тіпті 40 жыл жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Олардың қарекет етуі үшін қолайлы жағдай жасалған. Жалпы алып-қашпа әңгіме көбіне әлеуметтік желілерде тарайды. Бүгінге дейін әр посттың авторымен кездесіп, мәселені шештік. Яғни біз пікір алмасуға, айтылған сынды қабылдауға және оның шешімін табуға тырысамыз.

Мұндай түсініспеушіліктерге қарамастан «Қазақфильм» жұмысының көрсеткіші жаман емес. Былтырғы сандарға үңілсек, киностудия соңғы 7 жылда алғаш рет қызметін шығынсыз аяқтады. Пайдасы 300 мың теңгеден асады.

Айдар Омаров, «Қазақфильм» киностудиясы президентінің м.а.:

- Кіріс бар жерде шығыс бар. Былтыр киностудия тарихында алғаш рет мемлекеттік қаржының көмегінсіз коммерциялық фильмдерді түсіре бастадық. Бүгінгі таңда 2 фильмнің түсірілімі аяқталды. Оның алғашқысы «Малай» деп аталады. Ол наурызда прокатқа шығып, көрермен тарапынан қолдауға ие болды.

Сала мамандарын ынталандыру шарасы да іске асып жатыр. Былтыр киножобалады конкурстық іріктеу ережелері жаңартылды. Оған сай енді жобаның бәрі Сараптама кеңесінің қарауына жіберілуге тиіс. Сайыс үш кезеңнен тұрады. Алғашқы екеуінен сүрінбеген сценаристер соңғы питчинг кезеңінде туындысын қорғайды. Биыл конкурсқа 444 өтінім түсіп, 357-сі арнайы кеңестің қарауына жолданды. Сөйтіп, тақырыбының өзектілігін көрсеткен 128 жоба екінші кезеңге өтті. Олар іріктеліп, нәтижесінде 99 киножоба маусым айында өтетін питчингке жолдама алды.

Құрманбек Жұмағали, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Үшінші кезеңде 9 маусым мен 12 маусым аралығында ашық питчинг өтеді. 99 компания, шығармашылық ұжымдар Сарапшылар кеңесінің алдында ашық өзінің жобаларын қорғайды. Яғни қандай компания, тарихы қандай, шығармашылық ұжымы кім, актёрлық ұжым қандай, техникалық мүмкіндігі қандай, толығымен сол компания киноны түсіре алатынын дәлелдеу керек.

Сондай-ақ жуырда креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Ол таланаттарды анықтауға, шығармашылық инфрақұрылымдарды дамытуға және отандық жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков