Біздің елде де жаңа жылдан бастап «Сән-салтанат салығы» салына бастайды. Бұл жеке салық түрінде емес, қолданыстағы салықтар шеңберінде жүктемені арттыру арқылы жүзеге аспақ.

Яғни сізде құны 18 мың АЕК немесе 75 млн теңгелік көлігіңіз болса, бір реттік 10 пайыз акциз төлеуге міндетті боласыз. Дәл осындай жүктеме құны 24 АЕК-тен асатын ұшақ немесе яхталарға, сондай-ақ 500 мың теңгелік алкоголь өнімдері мен 10 мың теңгеден жоғары тұратын сигараларға салынады. Ал жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлкі бар азаматтар 2 млн 946 мың теңге және лимиттен асқан сомаға 2% көлемінде салық төлеуге міндетті. Жалпы құн 450 млн теңгеге жетпесе, салық әр нысанға жеке есептеледі.

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің Халықаралық салық салу және өзара іс-қимыл басқарма басшысы:

- Азаматтардың меншігінде жалпы құны 450 млн теңгеден асатын бірнеше объектілері болса, онда әрбір объектіге жеке-жеке салық салынбайды. Барлық мүлік оъектілерінің жиынтық құнына жоғарылатылған мөлшерлемеде қолданылады. Бұл мүлік салығы, жылжымайтын мүлікке қатысты. Салық салу мақсатында мүліктің құнын айқындау кезінде сән-салтанат коэффициенті енгізілді. Енді жергілікті мәслихат жылжымайтын мүлік бойынша есепті құнын 50 пайзыға дейін көтеруге мүмкіндіктері бар.