170 мыңнан астам тұрғыны бар Теміртаудағы басты мәселе – ауа сапасы. Себебі қалада орналасқан металлургиялық комбинат отын ретінде көмір мен мазутты қолданады. Дегенмен жақсы жаңалық та жоқ емес. Қазір комбинаттағы өндіріс ошақтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Теміртаудағы ауа сапасы таяу жылдары жақсара түспек. Қаладағы атмосфераны ластап отырған металлургиялық комбинатты газдандыру қолға алынды. Комбинат басшылығы ертеден пайдаланып келе жатқан көмір мен мазуттан толық бас тартып, өндірісті көгілдір отынға көшіруді көздеп отыр. Бүгінде газға ауыстыру жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр.

Андрей Берг, «Qarmet» АҚ Болат департаментінің директоры:

- Комбинатқа қарасты өндіріс ошақтарын кезең-кезеңімен мазуттан табиғи газға көшіру жоспарланған. Қазір домна пештерінде, әктас және күйдірілген доломит өндіруге арналған айналмалы пештерде мазут қолданылады. Сондай-ақ комбинаттың бу-ауа үрлейтін станциясы мен 2-ші жылу электр орталығында отын ретінде мазут жағылады.

Компания басшылығының айтуынша, өндірісті газға көшіру экономикалық жағынан да тиімді. Комбинат жылына 3 млн 500 мың тонна болат өндіреді. Мұндай өндірістік қуатты қамтамасыз ету үшін ауқымды ресурс қажеттігі сөзсіз. «Qarmet» көгілдір отынды «Сарыарқа» газ магистралінен алуды жоспарлап отыр.

Дәурен Мусин, «Табиғи газ» жобасы Инвестициялық іс-қимыл басқармасының инженері:

- Көгілдір отын Астанаға газ жеткізіп тұрған магистральден тартылады. Біз магистральдің бір учаскесіне өзіміздің желіні қосамыз. Осылайша комбинат тұрақты отынға қол жеткізеді.

Жобада отандық өнім қолданылады. Құбырлар компанияның Маңғыстау облысындағы зауытында шығарылады. Комбинатты газға толық көшіру үшін әртүрлі диаметрдегі 600 тонна құбыр керек. Бұл құбырлардың ерекшелігі алдын ала қорғаныш материалдарымен қапталады. Сондықтан бірден қолдануға дайын.

Теміртаулықтар жаңалықты қуана қабылдады. «Комбинат газға көшірілсе, қаламыз гүлдене түсер еді», – дейді олар.

Теміртаулықтардың өмірі комбинатпен терең тамырласып жатыр. Бүгінде компанияда 35 мың шамасында адам еңбек етеді. Сондықтан газдандыру әрбір тұрғын үшін маңызды. Комбинатты газға көшіру жобасы былтыр жазда басталды. Биылғы жыл соңына дейін жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Авторы: Нұрқанат Қанапия