Биыл айтулы іс-шара Франция астанасының тарихи орталығындағы «Эспас Сан-Мишель» кинотеатрында өтіп жатыр.

Франциядағы қазақ киносы қауымдастығы ұйымдастырған фестиваль режиссёр Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмімен ашылды. Тарихи эпопея ақпан айында осы елде өткен 31-халықаралық Азия кинофестивалінде үш бірдей жүлде алған. Сондай-ақ көрермен назарына «Махаббат алмасы» туындысы мен режиссёр Айжан Қасымбектің «Мадина» атты драмасы ұсынылады. 100 жыл бұрын Парижде ән салған қазақтың біртуар перзенті Әміре Қашаубаевтың құрметіне «Әміре» фильмі де көрсетіледі. Фестиваль 2 қараша күні «Бақыт құшағында» туындысымен мәресіне жетеді.

Андрэ Иванов, халықаралық қазақ киносы фестивалінің негізін қалаушы:

- Әдеттегідей кино саласындағы шеберлерді шақырдық. Қазақ және француз киносының жарық жұлдыздары да келеді. Фестивальдің басты міндеттерінің бірі қазақ киносын ілгерілету, көпшіліктің назарына ұсыну. Канн, Берлин фестивальдері сияқты ірі халықаралық шараларда көрсетілетін фильмдерден бөлек өзге де туындыларды ұсынамыз. Көрермен Қазақстанның қазіргі киносының жанрлары бай әрі сан алуан екенін түсінуі керек.