Алматы әуежайының жыл сайынғы өткізу қабілеті 55 млн жолаушыға жетеді. Ал жүк тасымалдау қауқары 500 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл – әуе айлағын жаңғыртудың 2050 жылға дейінгі тұжырымдамада қамтылған міндет. Бүгін Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықаралық авиациялық хаб құру тапсырмасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.
Қазіргі уақытта Алматы әуежайында ішкі рейстер терминалын реконструкциялау, мұздан тазартатын заманауи платформа құру, жақын маңдағы тұрғын үйлерді шудан оқшаулау жұмыстары жүріп жатыр. Әуе айлағы жылына 12 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, елдегі әуе тасымалының 70%-ын қамтып отыр. Болашақта онда үш ұшу-қону жолағы, жүк перроны, логистикалық қойма кешендері болады. Кеңес барысында әуежай аумағын айналып өтетін әрі көлік қозғалысын жақсартатын айналма жол салу мәселелері қаралды. Олжас Бектенов жауаптыларға реконструкциялау жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.