Абай облысының полицейлері 2014 жылы туған Саяна Қадырғожина есімді оқушының жоғалып кеткенін хабарлады. Жасөспірім мектептен кейін үйіне оралмаған, деп өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Полицияның мәліметі бойынша, 11 жастағы қыз 3 қараша күні сағат 13:00 шамасында Севастопольская көшесі, 18 мекенжайындағы мектептегі ұзартылған топтан шығып, үйіне қайтпаған. Осы уақытқа дейін оқушының жүрген жері белгісіз. Оған қоса баланың ерекше екені және үнемі назар мен күтімді қажет ететіні хабарланды.

Абай облысының полиция департаменті өңір тұрғындарынан хабар-ошарсыз жасөспірімді табуға жәрдемдесуді сұрады.

Белгілері: шашы ашық түсті, көзі қоңыр, өңі ақшыл, бойы шамамен 130 см, арықтау денелі.

Киімі: қызыл күртеше, көк джинсы, ашық түсті бас киім, қызғылт рюкзак.

Тәртіп сақшылары қыз баланы көрген немесе оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан дереу 102 нөміріне хабарласуды сұрады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз