Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде мемлекетке ірі көлемде залал келтіру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, Интерфармсервис ЖШС Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілердің Қазақстандағы жалғыз жеткізушісі болған. Компания бес жыл бойы аталған препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізіп келген.

Алайда кәсіпорын басшылығы заңсыз табыс табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне аффилирленген компанияны қосқан. Осы арқылы жалған мәмілелер жасалып, препараттардың бағасы қолдан өсірілген.

Нәтижесінде дәрілердің нақты құны жасырылып, мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

Сонымен қатар, табысты жасыру үшін серіктестік басшылығы жалған кәсіпкерлермен мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Осы схема арқылы 4 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бұдан бөлек, 637 миллион теңгеден астам салық төленбеген.

Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз табысқа 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алғаны анықталды. Аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге үйқамақ, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.