Бұл — жарты ғасырлық тарихы бар өнер ұжымының ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлесі мен еселі еңбегінің жемісі. Шетелдерде өнер көрсетіп, республикалық фестивальдерде үздіктер қатарынан көрінген шығармашылық топ тарихи туындыларды сахналаумен ерекшеленеді. Өнер арқылы жастардың бойына отаншылдық рухты сіңіріп, елдік мұратты дәріптеп келеді.

«Балпық би» — спектаклі халқымыздың азаттық жолындағы күресі кеңінен көрініс тапқан туынды. Басты рөлді сомдаған Сағындық Жұмаділ ақсақал өз образы арқылы елдік рухты оятуға тырысқан. Өнер майталманы бабалар арманы орындалып, тәуелсіз ел атанғанымызды кезекті қойылымға дайындық кезінде естіпті. Ұжымының сол сәттегі қуанышын ол әлі күнге дейін тебіреніспен еске алады.

Сағындық Жұмаділ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Айналамызды күннің нұры жарқыратып жібергендей болды. жылап жатыр, біреулер айқайлап қуанып жатыр. Бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Әлі күнге дейін бойым шымырлайды. Әй білмеймін бұдан артық қуаныш болмайды.

Сағындық ағаның Б.Римова атындағы драма театрында табан аудармастан еңбек еткеніне 40 жылға жуықтады. Ол тәуелсіздіктің бастауында тұрған Керей ханның, әділдігімен аты қалған Қаз дауысты Қазыбектің және елдің сөзін сөйлеген Жолбарыс бидің бейнесін сахнада шебер сомдай білді. Тарихи тұлғаларды танытқан актёр биыл«ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Ал, өзі көркемдік жетекші болып қызмет ететін өнер ордасына академиялық мәртебе берілді.

Сағындық Жұмаділ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Академиялық мәртебе бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта үлкен спектакльдерімізге бет бұрамыз. Ш. Айтматовтың «Жәмиләсін», Рей Кунидің «Комедиясын», Шекспердің «Ричард 3» деген үлкен шығармаларын ұсынамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Сол классикалық шығармалармен қоса заманауи шығармалармен толысады.

1975 жылы ашылған театр негізінен тарихи туындыларымен танымал. Қылышынан қан тамған Кеңес одағы тұсында алғаш болып «Абылай хан» спектаклін сахналады. Содан бері де халқымыздың азаттық жолындағы арпалысын көпшілік назарына ұсынып келеді.

Базарбек Тоқымтаев, ҚР мәдениет саласының үздігі:

- Атилла, Томирис, Хан Кене екі рет сахналады. Хан Кенеде осы Кенесарының образын жасадым. Сол кезде елімізді жерімізде қалай қорғап қаламыз деген бабаларымыздың рухын көрермендерге жолдаттық. Одан бері де көптеген тарихи шығармалар қойылып жатыр. БАҚ өкілдері бұл жөнінде Талдықорған театры алда келеді деп марапаттар берді. Айтылды. Әлі де Тәуелсіздіктің тұғырлы болуын болашақ ұрпаққа дәріптейміз.

2018 жылы Б.Римова атындағы драма театры жаңа әрі зәулім ғимаратқа көшті. Шығармашылық мүмкіндіктері кеңейген өнер ұжымы үш жылдан бері «Бикен» халықаралық фестивалін өткізіп келеді.

Ұлан Ахметов, Б.Римова атындағы академиялық драма театрының режиссёрі:

- Актёрлардың ізденісі үшін актёрдің өсуі үшін біздің басшылық басқа жақтан мықты мықты Қазақстанға жай Қазақстанға емес ТМД танымал мықты мықты режиссёрларымыз бар. Жастар да бар орта буын. Үлкен буын. Біз сол кісілерді шақыртып жұмыс жасаймыз. Өйткені әр режиссёрдің өз бағыты бар. Ол актёр үшін үлкен тәжірибе. СКЛ Ресей елінен шақырттық режиссёрларды. Қырғыз елінен келіп қойды.

Театр ұжымы келесі жылы Түркия мен Молдовада өтетін халықаралық фестивальға қатысып, шетелдіктерге қазақ мәдениеті мен өнерін паш ететін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизулина 24KZ Жетісу облысынан.