Қазақстан кейінгі жылдарда банк секторына, халыққа несие беруге қатысты көптеген реформалар жүргізіп жатыр.
Бұл өзгерістердің бір салқыны микроқаржы ұйымдарына тиюі мүмкін.
Расын айту керек, микроқаржылы ұйымдарының ықпалы елде қатты күшейді. Кешіктіріліп тұрған қарызы болмаса, несие жүктемесіне қарамастан азаматтарға шағын несиелерді жоғары пайызбен беріп, жағдайды ушықтырғаны жасырын емес. Салдарынан бір басында банктен алған несиесінен бөлек, оншақты микрокредиті бар, қаржылық қиындыққа ұшыраған отандастарымыз пайда болды. 18 жастан енді асқан жұмысы өтілі жоқ жастарға да ұсақ-түйек қарыздарды үйіп беріп, әлеуметтік мәселені өршітті.
Қазір Қазақстанда 215 микроқаржы ұйымы бар. Несие портфелі 3,5 трлн теңгеге жеткен. Осы тұста халықтың басқа түгілі екінші деңгейлі банктерден кредит алуы қиындап жатқанын айта кетейік. Енді 1 млн теңге несие алуы үшін азаматтың кемінде 300 мың теңге жалақысы болуы керек. Оның үстіне микроқаржы ұйымында 1 күнге кешіктірілген кредиті болса, кепілсіз тұтунышылық несие алуға автоматты түрде тыйым салынып, арнаулы тізімге енгізіледі.
Осындай өзгерістерден соң микроқаржы ұйымдары да шығындары мен комиссияларын қайта қарауға көшіп жатыр. Fitch рейтингілік агенттігінің банктік емес сектор бойынша аға талдаушысы Илья Макунинның айтуынша, компаниялар қысымды сезе бастаған.
– Микроқаржылық ұйымдарға бірнеше фактор әсер етеді. Нарықтық қысым күшейді, оның үстіне саланы реттеушілер де қысым жасауда. Сондықтан шағын кредит беретін ұйымдардың маржасы мен табысында өзгеріс болады. Компаниялар шығындарды азайтып, операциялық тиімділікті арттыруға, комиссиялық кірістерді көбейтуге амалсыз көшеді. Кейбір компаниялар бұған қазірден бастап-ақ кірісті. Базалық мөлшерлеме көтерілгенін және келесі жылы да жоғары деңгейде болатынын ескерсек, несие бойынша мерзімі өткен қарыздар көбейеді, – дейді сарапшы.
Қазақстандағы МҚҰ мен лизингтік компаниялардың табысы әрдайым көп болып келген еді. Алайда сарапшылар бұл үрдіс жақын арада тоқтайтынын айтып отыр. Қосылған құн салығының да компанияларға әсері болатыны даусыз.
Расын айтқанда, үкімет қазір микроқаржы ұйымдарының саны азайғанына да мүдделі болып отырған секілді. Халықты әбігерге салған ұйымдардың керісінше жұмысын реттеп, екінші деңгейлі сенімді банкке айналғанын қалайды. Қаржы нарығын реттеу агенттігі тіпті ай сайын микроқаржы ұйымдарының лицензиясын алып қойып жатыр. Өткен айда осы қатарға 13 компания қосылды.
Қорыта айтқанда, салдағы саны қыруар, атынан жаңылатын шұбырған шағын компаниялар қатардан шығарыла бермек. Нарық осылайша бір сілкінбесе, жағдайдың оңалатын, саны реттелетін сиқы байқалмайды.