Қазақстан 20 миллион тоннадан төмен бидай жинады.


2025 жылғы ауыл шаруашылығы маусымы Қазақстан үшін рекордтық жыл болды: дәнді дақылдардың өнімі 27 млн тоннадан асып, майлы дақылдардың жиналымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті – Ауыл шаруашылығы министрлігі 7 қарашада осындай жарқын мәлімдеме жасаған болатын.

"Биыл дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынды: бастапқы салмақта 27,1 миллион тонна болды. Соның ішінде бидай – 20,3 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 миллион тоннаға көп! Бұл ретте биыл бидайдың егіс алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқарған болатын", – деп жариялаған еді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оның дерегінше, алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша да рекорд тіркелгені мәлім етілді: 4,5 млн тонна. Өсімдік шаруашылығының басқа бағыттары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізілгені алға тартылды: картоптан – 2,9 млн тонна, көкөністен – 3,8 млн тонна, бақша дақылдарынан – 2,6 млн тонна жиналды.

АШМ ел басшылығына да 2025 жылы дәнді дақылдардың өнімі 27 млн тоннадан асқаны туралы көркем есеп ұсынды. 14 қарашада Мемлекет басшысы күзгі орақ науқанының аяқталуына орай ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау салтанатында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде осы статистиканы келтірген болатын.

Дегенмен, Халықаралық астық кеңесі бұл деректі растамады. Халықаралық салалық ұйымның қараша айының қорытындысына арналған шолуында Қазақстанның 2025 жылы небары 24,4 миллион тонна астық жинағаны хабарланды.

Соның ішінде өңдеуден, ұшырудан кейінгі таза салмақтағы бидайдың салмағы 19,1 млн тонна ғана болды. Бұл туралы мамандандырылған Eldala.kz порталы жазды.

"Еске сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бункерлік салмақта биыл 27,1 миллион тонна дәнді дақыл, соның ішінде 20,3 миллион тонна бидай бастырылғаны туралы есеп тапсырған еді. Пысықтау қорытындысында бұл көлем 7–10%-ға дейін кеміп кеткен. Осылайша, осы жылғы қазақстандық астық былтырғыдан небары 500 мың тоннаға жоғары болды. Халықаралық астық кеңесінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан 23,9 миллион тонна дән, соның ішінде 18,6 млн тонна бидай бастырған еді", – деп мәлім етті портал.

Жалпы, ауылға жауапты қазақстандық шенеуніктердің әлемде жоқ жетістікке жеткендей ерекше қуануына негіз жоқтай – барлық ел, соның ішінде соғыс жүргізіп жатқан Украина және Ресей де рекордтық астық жинай алды.

Халықаралық астық кеңесі биылғы маусым қорытындысында әлемдегі барлық басты экспорттаушы елдер былтырғыдан айтарлықтай көп астық жинағанын жария етті:

• Аргентина – 91,9 млн тонна (өткен жылғы маусымда – 79 млн тонна);

• Австралия – 54,1 млн тонна (51,9 млн тонна);

• Канада – 64,5 млн тонна (63,4 млн тонна);

• Еуропалық Одақ – 286,8 млн тонна (255,8 млн тонна);

• Ресей – 125 млн тонна (117 млн тонна);

• Украина – 63,7 млн тонна (59,6 млн тонна);

• АҚШ – 488,6 млн тонна (445,7 млн тонна).

Жаһандық ірі экспорттаушы саналмайтын, шетелден үлкен көлемде бидай импорттайтын Қытайдың өзі биыл мол астыққа кенелді: 2024 жылы 444,8 млн тонна ғана орса, биыл бұл көрсеткішін 449,3 млн тоннадан асырды.

Бұл өнімді сырттан таситын Үндістан да көрсеткішін былтырғы 173,7 млн тоннадан 179,6 млн тоннаға дейін жақсартып, соның бәрін ың-шыңсыз қамбасына құйып алды. Ендеше экспорттаушылар түгіл, импорттаушылардың өзі астатөк астық жинап жатқанда Ұлы далаға иелік еткен Қазақстанның кері кетуге қақысы жоқ еді.

Халықаралық ұйымның болжамынша, 1 қыркүйекте басталған 2025–2026 маркетингтік жылда биыл егін жиған мемлекеттер жалпы көлемі рекордтық 2 миллиард 430 млн тонна бидай өткізеді. Бұл өткен маусымдағыдан 5% көп.

Ұйымның бағалауынша, Қазақстан бұл көрсеткішке жете алмады. Өйткені 23,9 миллион тоннаның 5 пайызы 1 195 000 тоннаға тең, ал, Қазақстан былтырғы көрсеткішінен 500 мың тоннадай ғана артық өнім ала алған екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жаңа егіннен 3,1 миллион тоннадан артық дәнді экспорттап үлгерді. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы 2025 жылғы қыркүйектен 27 қарашаға дейінгі аралықта 3,1 млн тонна дән жаһандық "қара базарға" жеткізілгенін мәлім етті. Салыстырсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 2,7 млн тонна дән экспортталған екен.

Қазақстаннан жаңа егінінің ең көбін Өзбекстан (өсім 32,8%: былтырғы 1 млн 66 мың тоннадан биыл 1 416 мың тоннаға дейін артты), Қырғызстан (2 есе: 44 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін), Ауғанстан (28,8%-ға: 139 мың тоннадан 179 мың тоннаға дейін) сатып алды.

Сарапшылар бүгінде Қазақстанның бидай экспорты Орталық Азия аймағымен шектеліп тұрғанын мәселе етіп көтеріп жүр. Бірнеше жыл қатарынан мол астық жинаған көрші Ресей төл астығын жеткізіп болғанша, өз аумағы арқылы қазақ астығын жаһандық нарыққа жібермейді, теміржолымен өткізбейді екен.

Бұған қоса, ол қазақстандық астық үшін транзиттік тарифтерді күрт көтерді. Салдарынан, бұл өнім шетелдік нарықтарда баға бойынша өзгелермен бәсекелесе алмай қалды. Экспорттаушыларымыз Орталық Азия және Ауғанстанмен тұйықталуға мәжбүр болды.

Қазақстан бұған ұзақ жыл үнсіз көніп келді. Биыл мемлекет алыс нарықтарды игеруге, жоғалтқан нарықтарын қайтадан қалпына келтіруге құлаш ұрып отыр.

Қазақстан Үкіметі қашық нарықтарға өнім жеткізетін отандық астық экспорттаушыларды қолдау үшін қосымша 7 млрд теңге бөлді. Қаражат олардың көлік шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеп береді.

АШМ хабарлауынша, қосымша 7 миллиард қаражат – көлік шығыстарын субсидиялаудың қолданыстағы бағдарламасы бойынша мемлекеттің міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ басымдықты шетелдік нарықтарға жеткізілімді одан әрі ынталандыруға жұмсалады.

"Қосымша қаржыландыру қажеттігі дәнді дақылдардың жоғары өнімділігі мен шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық астыққа деген сұраныстың артуына байланысты туындап отыр. Бұған дейін, биылғы жыл басынан бері көлік шығындарын субсидиялауға Үкімет резервінен 31 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қазақстандық өнімнің жаңа экспорттық бағыттарға шығуын, бұрын болған нарықтарға қайтадан қол жеткізуді және баламалы логистикалық маршруттар бойынша алыс шет елдерге экспорт көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етті", – деп мәлімдеді министрлік.

Қабылданған осы шаралардың қорытындысында жаңа және қалпына келтірілген нарықтарға астық жеткізу көлемі 2,5 млн тоннадан асыпты.

Бұл қолдауды мемлекет келесі жылы да жалғастыруға ниетті. Бұдан бұрын аталған бағдарламаны ұзарту туралы шешім қабылданған болатын. 2026 жылы көлік шығыстарын субсидиялауға кемінде 30 млрд теңге қаржы бөлу көзделген.

Халықаралық астық кеңесінің бағалауынша, биыл және келесі жылы астыққа деген әлемдік сұраныс 2%-ға – 442 миллион тоннаға дейін өседі. Сондай-ақ азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс 5 жылдық орташа көрсеткіштен асып түсті. Ал, әртүрлі тамақ өнімдерінде – нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер (шоколад), торт, макарон-кеспе, консерві, өзгесінде бидай пайдаланылатыны мәлім.