Еліміздің ұлттық астық операторы 30 жыл ішінде алғаш рет Армения Республикасына азық-түліктік бидай жеткізді.

Бұл Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келісімдерінің арқасында, Әзербайжан аумағы арқылы транзитті қайта жандандырудың нәтижесінде жүзеге асты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ағымдағы жылдың 21 қазанында Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің кездесуі өтіп, онда Ереван бағытына жүк транзитіне қойылған барлық шектеулердің алынғаны айтылды.

Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерді қолдау мақсатында Қазақстан жаңа теміржол бағытымен азық-түліктік бидайдың пилоттық партиясын жөнелтті.

Бүгін 15 вагоннан тұратын пойыз Әзербайжан шекарасынан өтті. Бірнеше күннен кейін қазақстандық бидай Армениядағы Даларик станциясына жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Бакуге жұмыс сапары барысында "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басшылығы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі өкілдерімен кездесті. Тараптар транзиттік жүктің сәтті өтуін және оны армяндық серіктестеріне жеткізуді бірлесіп бақылап отыр.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, жаңа транзиттік бағыттың ашылуы қазақстандық астық экспортының аумағын кеңейтумен қатар, Кавказ өңірі елдері арасындағы логистикалық байланыстарды дамытуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етеді.