Шомылу маусымы басталмаса да, күннің салқындығына қарамастан Есіл суына түсетіндер бар. Сорақысы сол, дені ересектердің қарауынсыз жүрген жеткіншектер.

Астана қаласының құтқарушылары Есіл-Нұра өзендерін тәулік бойы патрульдеуге көшті. Шомылу маусымы басталмағандықтан суға түсуге рұқсат етілген қалалық жағажайлар әлі жабық.

Осыған қарамастан, тұрғындар белгіленбеген жерде өзенге түсіп, басын қатерге тігіп жүр.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жалғас Данай – қалалық төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушысы. Мамыр басталғаны бірден тәулік бойы патрульдеу жұмысына көшетінін айтады. Осындай қайықпен Есіл өзеніндегі 5-6 шақырымды айнала сүзіп, суға түсуге болмайтын жерлерді шолып қайтады. Шомылу маусымы басталмаса да, мамырдағы аптап ыстықта жұмысы қауырт болыпты.

Жалғас Данай, ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Шомылғысы келгендер болды. Жаңағы 102-нің қызметкерлерімен бірігіп патруль жасадық. Департаменттің қызметкерлерімен бірге патруль жасап, суға түскісі келген адамдарға тиісті шараларды қолдандық. 7-8 баланы ұстадық. Жасөспірімдер. Соларға шара қолдандық. Ата-анасын шақырттық.

Күннің салқындығына қарамастан суға гүмп беруден бас тартатын бала жоқ. Осы жолы да ереже бұзған жеткіншектерді байқап қалдық.

Жалғас Данай, ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Біз келген кезде балалар шомылып жатса, біз келеміз. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Үлкендерсіз шомылып жатса, бізді тыңдамаса, полиция қызметкерлеріне тапсырамыз, 102-ні шақырамыз. Шомылып жатқан балалар бізді көре салысымен тұра қашты. Ұстауға мүмкін болмады. Ескерту жасай алмадық.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Мұндайда не істейміз?

Жалғас Данай, ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Мұндайда білмеймін... Енді біз қандай да бір жоғары жақтан не болмаса...

Бақыт Топтаева, тілші:

- Артынан жүгіруге, ұстауға ондай құзырет жоқ дейсіз ғой.

Жалғас Данай, ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Жоқ, ондай құзырет жоқ бізде, ұстап алып, қолын қайырып дегендей. Тек қана түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Рас, жасөспірімдерге түсіндіру жұмысын жүргізу оңай емес. Бұл жерде де қайығымызды көре салысымен, бір топ бала тым-тырақай қашты. Әупірімдеп жүріп «ұстамаймыз, ұрыспаймыз» деген уәдемен жеткіншектерді сөзге тарттық.

Жеткіншектің айтып отырғаны, суға түсуге рұқсат етілген қалалық жағажайдың кіру ақысы. Орташа бағасы – 1500 теңге. Әлбетте ыстық күнде ойын баласы күнде суға шомылуға бар. Ал жағажайға бара беруге жағдайы келе бермейді. Сондықтан белгіленбеген жерде суға түсуден басқа амал жоқ.

Рас, белгіленбеген жерлерде қауіпсіздікті қадағалау қиын. Ал суға түсуге рұқсат етілген жағажайларда сақтық шаралары мейлінше сақталады.

Бағдат Мұзафаров, Нұра ауданы ТЖБ бас маманы:

- Астана қаласы әкімінің қаулысымен рұқсат етілген бес жағажай бар. Сол бес жағажайдың басшыларымен жағажайдың қауіпсіздігі қалай болу керек, жалпыда қандай жұмыстар атқарылуы керек, сондай ақпараттық хаттар, соларды тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Айта кетейік, рұқсаты жоқ жерде суға түскені үшін алдымен ескерту беріледі. Заңбұзушылық қайталанса, Әкімшілік кодекстің 364-бабына сәйкес айыппұл салынады. Мөлшері 8 мың теңгеге жуық. Әлдекімдер үшін айыппұл сомасы соншалық көп болмауы мүмкін. Бірақ мұндайда адам өмірінің қаншалықты құнды екенін естен шығармаса керек-ті.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт