Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлап отыр, деп жазады Egemen.kz.

Сондай-ақ ведомствоның баспасөз қызметі тергеу барысын Ішкі істер министрі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және тергеу жүргізу үшін ІІМ орталық аппаратының арнайы тобы әуе бортымен жөнелтілген.

«Министрдің тапсырмасы бойынша жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде мәйіттерді тасымалдау және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға да қолдау көрсетіледі. Жедел тергеу жүргізу және барлық қажетті шараларды орындау үшін тиісті шаралар қабылданатын болады», деді департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Айта кетейік, 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолында, Белқопа елді мекенінің маңында DAF жүк көлігі мен жолаушылар мінген «ГАЗель» көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам көз жұмған болатын.