Заңғардың жеңісті сериясы 11 матчқа дейін жетті .

Кореяның Вонджу қаласында 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Азияның бейресми чемпионаты саналатын беделді ITF Juniors (J300) турнирі өз мәресіне жетті. Бұл додада Қазақстанның жас саңлағы Заңғар Нұрланұлы тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді.

Әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 23-орында тұрған Нұрланұлы финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Куан Чеу Ченмен (41-орын) жолықты. Бұған дейін қос жас дарын 2024 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогында кездесіп, ол кезде де жеңіс Заңғарға бұйырған болатын.

Бұл жолы да біздің теннисші қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ басымдықты өз қолына алып, сенімді ойын өрнегін көрсетті. Қорытынды есеп - 6:2, 6:1.

Осылайша, Нұрланұлы хард төсенішіндегі екінші рет қатарынан чемпион атанып отыр. Өткен аптада ол Кореяның Чхунчхон қаласында өткен J200 турнирінің де жеңімпазы болған еді.