Шарбақ өңіріндегі Sea Breeze курортын Президент құптады, экологтар жаға ұстады.
Бір ай бұрын, 2025 жылғы 3 шілдеде Бакуге мемлекеттік сапармен барған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке еріп, Каспий теңізінің батыс жағалауында бой көтеріп жатқан Sea Breeze курорттың кешенімен танысқан болатын.
10 Ватикан сиятын 500 гектар аумақтағы сән-салтанатты сарай-резиденциялар, жайлы виллалар, жайқалған пальмалар, 700 мыңдай ағаш-бұталы саябақ, мақпалдай жұмсақ құмы бар 6,5 шақырымдық жағажай, қонақүйлер мен тұрғын үйлер, спорт алаңдары... Өзбек көшбасшысы көргенінен көл-көсір әсер алып, таңданып қайтты.
Енді әзербайжандық бай, Crocus Group компаниялар тобының қожайыны, миллиардер Араз Агаларовтың ұлы Эмин Агаларов дәл сондай қалашықты Өзбекстанда салатын болды. Әрине, құрғап қалған Аралды айтпағанда, Өзбекстанда теңіз жоқ, сондықтан Sea Breeze Uzbekistan туристік орталығын Шарбақ (Чарвак немесе өзбекше Chorvoq) су қоймасының жағалауында тұрғызу жоспарланып отыр.
Осыған орай ӨР Үкіметі мен Эмин Агаларовтың Agalarov Development компаниясы Ташкент облысындағы аталған алып көлдің жағалауында жыл он екі ай жұмыс істейтін Sea Breeze Uzbekistan бүкілмаусымдық курортын салу туралы келісім бекітті. Бұл ірі жобаға 5 миллиард доллар инвестиция құйылатын болды.
Жоба таяуда Мемлекет басшысының қатысуымен тағы пысықталған және құпталған. Дегенмен, өзбек экобелсенділері жобаға тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етуде.
Олар қаншама алып техника жұмылдырылып, ұланғайыр аумақтың шаңын бұрқырата қазуды қарастыратын кең ауқымды құрылыс Чарвак өлкесінің табиғи теңгерімін бұзуы мүмкін деп алаңдайды. Оның үстіне Шарбақ су қоймасы ел астанасы Ташкент пен осы аттас облыстың жұртшылығын ауызсумен қамтитын басты қайнар болып табылады.
Жалпы, Агаларовтар түркітілдес туысқан мемлекетке назар аударып, өзбек еліне ақшасын аямай төге бастады. Мысалы, 2024 жылғы жазда Agalarov Development Ташкенттің орталығында қымбат тұрғын үй кешенінің жобасын қолға алды. Сондай-ақ, өзбек елінің бас қаласында еңселі сарай-қонақүй құрылысын жүргізетінін жариялады. Жобаға кем дегенде 133 миллион доллар (шамамен 73,1 миллиард теңге) қаржы салуға ниетті.
Агаларовтың Sea Breeze Uzbekistan қалашығы жобасы Өзбекстанның туристік инфрақұрылымына жеке инвестиция салу бойынша ел тарихындағы ірі жобаның біріне айналады. Оған Agalarov Development 5 млрд доллар (шамамен 2,8 трлн теңге) инвестиция құюды жоспарлауда.
Бұл – ӨР Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің ресми мәліметі. Дегенмен, кейбір ақпарат құралы әзербайжандық инвестордың 10 миллиард долларға дейін құлаш ұруға дайын екенін хабарлады.
Жоба Шавкат Мирзиёевке "курорт-қала" ретінде таныстырылды. Презентациялық материалында жағалай пальмалар өсіп тұратыны көрсетілген. Өзбекстандық Sea Breeze жергілікті және шетелдік қонақтарды жағымды жағажайымен, астатөк әрі дәмді тамағымен, жасыл желекке бөленген рекреациялық аймақтарымен магниттей тартатын жыл бойғы туристік хабқа айналады.
Жоба аясында 577 гектарда құрылыс жүргізіледі. Соның ішінде бірінші кезеңі 100 гектарды қамтиды. Agalarov Development сайтында жарияланған ақпаратқа жүгінсек, бірінші кезектегі 100 гектар жерде, Шарбақ көлінің жағалауында тұрғын үйлер, қонақүйлер, виллалар, мейрамханалар тұрғызылады.
"Туристік орталық Өзбекстан астанасынан 80 шақырым жерде орналасады және Чарвак су қоймасының қос жағалауын қамтиды. Аумақты дамыту жобасы аясында көпір салу жоспарланған, ол Sea Breeze Uzbekistan-ды негізгі магистралдармен қосады, осы арқылы Ташкенттен жолды 1 сағатқа қысқартады. Компанияның Әзербайжанда, Каспий жағалауында 18 жылдан бері жүргізіп жатқан Sea Breeze қаласы инфрақұрылымын дамыту тәжірибесі үлгісінде Sea Breeze Uzbekistan Өзбекстанның туристік және экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосады", – деп мәлімдеді әзербайжандық компания.
Билік бұл жобаның ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашатынынан, сондай-ақ туризм жөнінен Бұқара мен Самарқанға жол беретін Ташкент өңіріне туристік ағымды арттыратынынан үмітті.
Өз кезегінде Agalarov Development басшысы Эмин Агаларов өзбекстандық Sea Breeze 1,5-2 жылда іске қосылатынын мәлімдеді. Алайда оның алдынан кедергі туындады. Бір жағынан, көлік пен логистика, жол инфрақұрылымы мұндай кең ауқымды жобаға толық дайын емес көрінеді.
Екінші жағынан, жобаға табиғат жанашырлары қарсы шығуда. Олар билік "өңір үшін зор мүмкіндік" деп атаған жобаны "табиғаттың соры және экологиялық қатер" деп бағалады. Бұл туралы Gazeta.uz мәлім етті.
Ол Sea Breeze Uzbekistan жобасына қатысты үлкен қоғамдық резонанс туындағанына назар аудартады. Қоғам белсенділері алып курорт-қала жақын елді мекендерді тегін көлге қолжетімділіктен айырады, жергілікті инфрақұрылымға шектен тыс жүктеме түсіреді, су қоймасының экологиялық балансына қауіп төндіреді деп мазасызданады.
Олар сондай-ақ бұл жобаның жабық есік жағдайында талқылануына, егжей-тегжейінің жұртшылыққа ашық жарияланбағанына алаңдайды. Әлеуметтік желіде тұрғындар ірі құрылыс туралы шешімнің неге ашық қоғамдық талқылаусыз қабылданғанына аң-таң.
Орнықты құрылыс жөніндегі маман Темур Ахмедов Арал теңізін еске салып, су теңгерімін бұзудың салдары өте ауыр болатынын ескертті.
"Су балансына қатысты кез келген өзгерісті лупамен зер сала, мұқият әрі кешенді зерделеу қажет. Ташкентте 3,5 миллион адам тұрады. Жаңа Ташкент қаласы салынуда. Егер Шарбақ көлін "Сии Бриз" қаласының тұрғындары тауысып жатса, астаналық өңірдің халқына ауызсуды қайдан аламыз? Егер алып құрылыс Шарбақтың теңгерімін бұзса, бұл бүкіл мемлекеттің үлкен проблемасына айналады", – деді маман Ахмедов.
Жаратылыстану ғылымдарының докторы Юлдузхон Абдуллаева биоәралуандылыққа кесір келуі мүмкін екенін қаперге салды.
"Су қоймасының айналасында сирек өсімдіктер өседі, жануарлар тіршілік етеді. Мұның бәрі – ол жақта адамдардың тұрақты да белсенді тіршілігінің жоқтығының арқасы. Енді ол жерге тұтас ел қонбақ. Басқасын айтпағанда, үлкен субұрқақтар мен бассейндер үшін Чарвак суы пайдаланылатын көрінеді. Бұл гидрологиялық балансты бұзуы мүмкін. Климаттық кризис аясындағы қуаңшылық талай алып су қоймаларын құрғатады. Жобаға ұзақ мерзімді қамтитын экологиялық сараптама міндетті түрде берілуге тиіс. Егер қорытындысы қанағаттанарлық болмаса, құрылыстан бас тартқан жөн", – деді ғалым Абдуллаева.
Сарапшылар Ташкент пен айналасында ауа ластанғанын, таза ауа тау жақта ғана қалғанын жеткізді. Енді ол жаққа адамдар қоныстанғалы тұр.
"Біз климаттық тұрғыдан және сумен қамтамасыз етілу тұрғысынан Өзбекстанның жағдайы осал екенін ұмытпағанымыз жөн. Алысқа бармай-ақ, Сардоба су қоймасында қандай апат болғанын еске салғым келеді. Мемлекеттікпен шектелмей, тәуелсіз экологиялық сарапшылар да білікті бағасын бергені жөн. Олар жобаның жай-жапсарына қанығуы шарт", – деді қоғам белсендісі, блогер Мирзаёр Эркинов.
Сарапшылардың байламынша, егер құрылыс барысында немесе кейіндері қателікке, апатқа жол беріліп, су қоймасы ластанса, Ташкент өңірі жалғыз ауызсу қайнарынан айрылуы ықтимал. Гидрометеорология институтының кіші ғылыми қызметкері Алишер Худойбердиев ауызсу сапасы нашарлайды деген болжамын бөлісті.
"Туристік аймақтарда, курорттарда моторлық қайықтарды белсенді пайдалану міндетті түрде судың ластануына соқтырады. Су сапасы төмендесе халық кәусардан тарығады, егістіктерге су жетпей қалады. Шарбақты болашақ ұрпағымызға таза күйде сақтап, жеткізу – парызымыз", – деді ол.
Урбанист Искандер Солиев қалталы инвесторлардың әдемі сөздеріне құлай сенуге болмайды деген пікірде.
"Бізде қандай да бір құрылыс салынарда, майын тамыза сөйлеп, көркем уәделерді үйіп-төгеді. Соңынан оның көбі орындалмай қалады. Халықтың көңіліне негізінен алаң салғаны да осы ғой!", – деді Солиев.
Жобаны талқылау әлеуметтік желіде, интернет топтарда, қауымдастықтар мен жеке парақшаларда қызу жүруде. Ол үшін #savechorvoq деген хештег ойлап табылды.
Осы арқылы экобелсенділер жобаға назар аудартқысы келеді. Олар алып құрылыс әсерінен жағалау сызығында эрозия өршіп, топырақтың табиғи сүзгі-фильтрациялық қабілеті кемиді деп қорқады.
Азаматтар Чарвакты ластанудан аман сақтап қалу, санитарлық ахуалын жақсарту үшін 2020 жылы су қоймасында моторлы қайықтар мен кемелердің қозғалысына тыйым салынғанын қаперге салды.
Қаптаған қалың сынға жауап ретінде Эмин Агаларов Instagram-да видеоүндеу жариялады. Онда ол "Sea Breeze Uzbekistan" қалашығының ағынды сулары тазартылатынына сендірді.
Agalarov Development құрылыстың барлық кезеңдерін экологиялық бақылау мен мониторинг сүйемелдейді, қалдықтар өңделіп, кәдеге жаратылады, жиналған материал өңдеуге бағытталады деп уәде берді.
Бұл экологиялық қауіпсіздікке және ресурстарды ұтымды пайдалануға септесуге тиіс екен. Сондай-ақ жануарлар мен құстар өздерін жайлы сезінуі үшін көптеген ағаш отырғызылатын көрінеді.
"Бүгінде Agalarov Development-тің Sea Breeze Uzbekistan компаниясы Чарвак жағалауындағы құрылыс жұмыстарына кіріскен жоқ. Әзірге ол жақта жағалауды тазарту және қоқысты жинау жүргізілуде. Өзбекстан заңнамасына сәйкес, Экология министрлігінен экологиялық сараптама алынбай құрылыс жұмыстарын бастауға тыйым салынған. Компания әзірлеп жатқан шешімдер белгіленген тәртіппен барлық мүдделі ведомстволарға ұсынылады", – деп мәлімдеді инвестор.
Компания жобаны талқылауға Өзбекстанның танымал сәулетшілері мен инженерлерін тартуды жоспарлап отыр. Оның дерегінше, ағын суларды тазарту – құрылыстың басымдығы болады. Мұнда тұтас шешімдер кешені қолданылады.
Өз кезегінде ӨР экология министрі Азиз Абдухакимов Шарбақ өңірінде Sea Breeze Uzbekistan құрылысының басталып кеткені туралы қаңқу сөздерді жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде болашақ курорттың орнына ауыр техника жеткізілгені түсірілген видео тарады.
Бұл қоғамның наразылығын туғызды, себебі, жобаның концепті әлі экологиялық сараптамадан өткен жоқ. Бас экологтың түсіндіруінше, қолға алынып жатқаны – капиталды құрылыс емес, компанияның әлеуеті мен көзқарасын паш ету. "Agalarov Development ол жақта "демонстрациялық жағажай" дегенді жасап, абаттандыруда. Осы арқылы болашақ жобаның көрінісі қандай болатынын көрсеткісі келеді.
"Agalarov Development бізге ұсыныспен жүгінді. Олар жағалаудағы шағын демонстрациялық телімді алып, сонда мүмкіндіктерін паш еткісі келді. Біз тек демонстрациялық алаң құруға ғана рұқсат бердік. Капиталды құрылысқа әзірге жол берілмейді. Ол жер телімі шағын – 200-300 метрдей. Соны олар абаттандырып, болашақ пляж қалай болатынын баршаға көрсетеді. Біз де олардың онда не істегісі келетінін түсінгіміз келеді", – деді министр Азиз Абдухакимов.