«Қазығұрт» кеден бекетінен өтетін жүк тасымалы 7 есе артты, деп хабарлайды 24KZ. Қазақ-өзбек шекарасындағы тексеру аймағы жаңарғалы көлік саны тәулігіне 150-ден 1000-ға дейін ұлғайды. Заманауи талапқа сай нысанда жолаушылар қарасы да көбейді.

«Қазығұрт» өткізу пункті – қазақ-өзбек шекарасындағы стратегиялық маңызы жоғары өткелдердің бірі. Транзиттік жүк тасымалы үшін қолайлы бағыт. Жаңғыртылған нысанның ашылу рәсіміне Қаржы министрі Мәди Такиев арнайы келіп, атқарылған жұмыстармсен танысты. Кешеннің елдер арасындағы сауда-саттық айналымын жеделдетуге оң әсер ететінін айтты.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

- Биылдың өзінде көлік өткізуіміз 1 млн 800 мыңға жетіп қалды. Енді модернизациядан кейін кеден бекеттері 5 млн-ға дейін жылы өткізе алады. Ол өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз.

Жаңғыртудан кейін заманауи цифрлық жүйе енгізілді. Енді шекарадан өту процесі едәуір жеңілдейді. Алдын ала ақпарат алмасудың арқасында кедендік декларациялау уақыты қысқарып, транзиттік тасымалды жеделдетуге мүмкіндік туды.

Абылайхан Балабиев, «Қазығұрт» кеден бекетінің бас маманы:

- «Нип Кеден» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің ыңғайлығы мен тиімділігінің нәтижесін осы жерден көруге болады. Мысалы айтатын болсақ, уақыт жағынан ұтамыз. Кедендік транзит рәсімі бойынша нақты 5 минуттың ішінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың рәсімдеп шығып кетуге мүмкіндігі бар.

Кешенді жаңғырту жұмыстары 2 жыл бұрын басталды. Жөндеу кезінде көлік пен жүк қозғалысына кедергі келтірмеу үшін арнайы кесте ұйымдастырылды. Құрылыс жобасына сәйкес арнайы бөлімдер салынып, «рентген-телевизиялық» қондырғылар мен «тепловизорлар» іске қосылды. Заманауи стандарттар мен қауіпсіздік талаптары ескерілді. Автоматтандырылған дәліздері бар.

Жаңғыртылған өткізу бекетінің мүмкіндігі бірнеше есе артты. Енді көліктерді тіркеу толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Бұрын мұнда тәулігіне 150 көлік құралы өткізілсе, енді қозғалыс кестесі 1000-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жолаушылар ағыны да айтарлықтай артады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы 9 өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған. Сала мамандарының айтуынша, биыл ауқымды жобалардың құрылысы толық аяқталып, қолданысқа беріледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов