Мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров соңғы айларда айлық алмағанын айтып, шағымданған еді.
Аталған мәселе елдің қызу талқысына түсіп, қоғамда дүрбелең туғызды деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Журналист өз пікірін желідегі парақшасында білдірді.
«Мишаның мәселесіне қатысты…
Олимпиада чемпионының сұхбатын көріп шықтым. Оған министрлік берген жауапты да оқыдым. Иә, тараптар арасында түсініспеушілік болған. Бірақ, анау айтқандай трагедия емес.
Миша бес ай айлық алмадым деп мұңын шағып отыр. По факту қаңтар мен ақпанда алған. Бергі айларда алмаған. Себеп — келісімге қол қойылмаған. Егер келісімшарт болмаса, мемлекет оған қалай төлейді? Ал, енді неге қол қойылмаған деген сұрақ туындайды. Ол жерде алдағы циклдың дайындығы мен нәтижесіне қатысты міндеттеме бар. Аталмыш құжат барлық чемпиондарға ұсынылады және бәрі келіседі. Ал, бұл жерде Миша неге келіспегені түсініксіз. Өйткені, мемлекет қазынасынан үлкен көлемде қаржы бөлінгесін, сәйкесінше, жауапкершілік те жүктей алады ғой.
Үлкен сома деп тұрғаным бекер емес. Оның жалақысын да білемін. Айтпаймын. Айтсам, қарапайым халық жағасын ұстайды. Жаңа келісімде оның көлемі, тіптен, бірнеше есе жоғары. Иә, Михаилдың еңбегі ерен. Олимпиада чемпионы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ, біржақты мемлекетті де төпелей беруге болмайды. Әсіресе, асыра сілтей ақпарат таратып. Оның үстіне министрлік қазір спортшыдан бас тартып отырған жоқ. Керісінше, ресми түрде жаңа келісім дайындалып жатқанын және қаржыландыру жалғасатынын айтты.
Қысқасы бұл жерде эмоциямен емес, құқықтық жағынан қарау керек. Мишаға жетістігі үшін мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы берілді. Үш бөлмелі пәтер табысталды. Өмір бақилық төлем тағайындалды. Бұған дейін барлық жағдайы жасалды. Бұдан кейін де барлық жағдайы жасалады. Сондықтан, жағдайды шіли шиеленістіріп керек емес…», — деп жазды ол.