Елдегі балалар контенті туралы сөз болғанда "Balapan" телеарнасының жобаларына көз қиығымызды салмай өте алмаймыз.
Әлеуметтік желілерге секунд өтер-өтпестен жүктеліп жатқан неше түрлі бейнелердің арасынан дәл осы кішкентай ханзада мен ханшайымдарды баурап алатын жұп-жұмыр контент жасау соншалықты оңай емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шыны керек, осыдан 15 жыл бұрын отандық телеарналар тізімін толықтырған балалар арнасы бүгінде өз мақсатына жетті деп нық сеніммен айта аламыз. Яғни, бүгінгі 15 жасқа дейінгі балақайлардың тілі барынша қазақыланды, сапалы-салмақты контентке үйренді. Мұны мойындауымыз керек. Әлбетте, бұл жерде бастысы – ата-ананың жауапкершілігі. Баланы жыламасын деп ұялы телефонға "байлап" қойса немесе құрылғының пайдаланар уақытын шектемесе, не көріп отырғанына бақылау жасамаса, зиянын да соншалықты бірге тарта түспек. Ал әлгінде айтқан қазақтілді балалар арнасы "тіпті, көршілес елдердің балаларының да тілін қазақша шығарып жатыр" деген ақпарат бар. Мұнымен мақтануға болады. Демек, балалардың болашағына салған ел инвестициясы қайтып жатыр деген сөз. Әрине, қазақтілді балалар аудиториясының қалыптасуына соңғы уақыттардағы әлеуметтік желілердегі қазақтілді жобаларды, бағдарламаларды қосуға әбден болады.
Әлбетте, қазіргі уақытта балалар шығармашылығы үшін, олардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жер-жерлерде көптеген орталықтар, үйірмелер өз жұмысын бастап жатыр. Соның бірі – Қызылорда қаласында биыл ғана пайдалануға берілген "Сыр жұлдыздары" шығармашылық-инновациялық академиясы. Ол – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, зияткерлік мүмкіндігін арттыруға бағытталған заманауи білім беру орталығы.
Академия 3 қабаттан тұрады, жалпы күніне 3000 баланы оп-оңай қамти алады. 7 бағыт бойынша 40-қа жуық үйірме жұмысын жүргізуге қауқарлы. Олар – спорт және сауықтыру, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-шығармашылық, көркемдік-эстетикалық, психологиялық дайындық, өлкетану және жастар қозғалысы. Бұл жерде балаларға тек білім беріп ғана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін, патриоттық рухын арттырып, елге деген сүйіспеншілігін оятуға ерекше көңіл бөледі.
Академия жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, шығармашылыққа және жаңашылдыққа бейім тұлға тәрбиелеуді мақсат етеді. Баланың дарыны мен қызығушылығын қолдап, өз мүмкіндігін ашуына жағдай жасай түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ордасы заманауи технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары бар шығармашылық орталық оқушы қабілетін жетілдіріп, дарынын шыңдауды бастап та кетті.
– Шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сонымен қатар, үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Академия – балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру саласында жұмыс істейтін орталық. Балалардың өнерге, ғылымға, технологияға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. "Сыр жұлдыздары" академиясының басты мақсаты – заманауи талаптарға сай жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген шығармашылық пен жаңашылдыққа бейім тұлға тәрбиелеу, – дейді "Сыр жұлдыздары" балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық инновация академиясы" қосымша білім беру орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызы.
Орталыққа алғашқылардың бірі болып бас сұққандардың бірі – Айсұлтан. Ол әуелгіде мұндағы қай үйірмеге жазыларын білмеген. Себебі, таңдау өте көп. Бәрі бір-бірінен асып түседі.
– Мен мұнда үстел теннисі үйірмесіне қатысамын. Ұстазымыз ракетканы қалай ұстау керегін, допты тордан қалай асырып ұру дұрыстығын тиянақты үйретіп жатыр. Мен 6-сыныпқа өттім. Жасым 11-де. Әзірге бір топта 15 шақты бала жаттығып жатырмыз. Сабақ басталған соң да жаттығуымды жалғастырып, үлкен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанғым келеді. Орталықта барлығы жап-жаңа, маған қатты ұнайды. Арнайы киім ауыстыру бөлмелері де бар. Спорт үйірмесі адамға сергектік сыйлайды, деннің саулығы да маңызды. Жаттығу барысында барлық дене мүшеміз қозғалып, ширай түседі. Бұл өзім қатарлы балалардың нағыз спорт маманы болуға пайдасы зор, – дейді ол.
Орталықтың міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызынан балалар контенті турасында атқарып жатқан жұмыстарын сұрап көрген едік.
– Академия жұмысының тағы бір маңызды бағыты – балалар контентін дамыту. Оқушылар заманауи студияларда өз жобаларын жасап, подкаст, анимация, бейнероликтер арқылы ойын еркін жеткізуді үйренеді. Бұл олардың медиасауаттылығын арттырып, ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы қазақтілді контенттің көбеюіне үлес қосады. Балалардың өзі жасаған шығармалар арқылы ойлау қабілеті, эстетикалық талғамы мен шығармашылық әлеуеті дамиды, – деп қосты ол.
Жалпы, орталықтан 40-қа жуық үйірме ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта соның тең жартысынан көбі ашылып, балалар қабылдап жатыр. Алдағы күндері толық қалыпқа келіп, өңір жеткіншектерінің бос уақытын тиімді пайдалануға себепші болмақ.
Бірнеше күн бұрын "Сыр жұлдыздары" шығармашылық және инновация академиясының базасында креативті кәсіпкер, қылқалам шебері Ақерке Есенбекқызы оқушыларға арнап ерекше шеберлік сағатын өткізді. Ол өнерге қызығушылық танытқан жасөспірімдер үшін үлкен мүмкіндік болды.
Шеберлік сағатында маман оқушыларға кескіндеме өнерінің қыр-сырымен бөлісіп, акрил, акварель және майлы бояумен жұмыс істеудің түрлі әдіс-тәсілін көрсетті. Сондай-ақ, қатысушыларға шығармашылық шабытты қалай табу керектігі, түстер үйлесімін дұрыс таңдау және жеке стиль қалыптастыру жолдары жөнінде кеңестер берілді. Балалар өз туындыларын жасап, қылқалам шеберінің жетекшілігімен алғашқы көркем жұмысын аяқтады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шеберлік сағаттары болашақта да жалғасын табады. Ақерке Есенбекқызы секілді кәсіби мамандар жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдауға және өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бар күшін салады. Үйірме жетекшісі балалардың сабаққа уақытылы, үзіксіз қатысып жатқанын айтып, ризашылығын жеткізді.
Ал еркін күрес спорт үйірмесінің жетекшісі Бақтияр Батырбек орталықтың жұмысы турасында айтып өтті.
– Еркін күрес үйірмесіне қызығушылық танытып жатқан жеткіншектер көп. Біз әуелі жаппай қабылдап, сосын ғана іріктеу өткізіп жатырмыз. Оларды салмақ дәрежесіне қарай бөліп, сабақты бастаймыз. Облысымызда осындай орталықтың ашылып, балаларға жан-жақты қолдау білдіріп жатқанына қуаныштымын. Бізге бұл жауапкершілік жүктей түседі, – дейді ол.
Осы кезде балалар – жазғы демалыста. Оқу басталғаннан соң да "үйірмеге қатысамын" деген жеткіншектерге мүмкіндік бар. Өнер, мәдениет, ғылым, спорт, IT салалары, т.с.с. бойынша қабылдайтын бұл білім ордасы бойында дарыны бар әр баланы қанаттандырады, қабілетін ұштайды және шырағын жаға түседі.