Қазақстанда балаларды шығармашылық және спорттық дамытуға арналған бірыңғай ваучер енгізілді.
Алайда бұған дейінгі сынақ оның көбісі қажетсіз қалғанын көрсетті.
Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылғы 1 маусымнан бастап үйірмелер мен секцияларға қатысты бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылғанын жариялады. Жаңа мемлекеттік бастама бірден бірнеше саланы – спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттарын қамтиды.
Тиісінше, "пилотты" бірден 4 министрлік – Мәдениет және ақпарат министрлігі (шығармашылық бағыты), Туризм және спорт министрлігі (спорт бағыты), Оқу-ағарту министрлігі (қосымша білім беру бағыты), сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі (техникалық сүйемелдеу) бірлесе жүзеге асырады.
Пилоттық жоба алдымен Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында өтеді. Егер өзін-өзі ақтаса, онда оның нәтижелері бүкіл елге таратылады.
Қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша өнер, шығармашылық, білім, ІТ және техника бағыттарындағы үйірмелер – бөлек, спорт түрлері бойынша секциялар бөлек үйлестіріледі.
Сондай-ақ, негізінен Оқушылар сарайлары арқылы жүретін мемлекеттік үйірме-секциялар – жеке, жекеменшік үйірме-секциялар жеке реттеледі. Тиісінше, бағдарламалар да әр өңірде әрқилы (АртпСпорт, ДамуБала, тағы басқаша) аталады.
Жаңа жүйеде мемлекеттік және жекеменшік спорт секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстары бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріледі.
Министрліктің байламынша, жобаның маңызды жаңалықтарының бірі – бірыңғай әрі "мөлдір" кезектің енгізілуі. Енді балалар 12 санатқа бөлініп, өз деңгейінде кезекке қойылады. Онда әлеуметтік осал топтағы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүдделері де ескеріледі.
Егер қандай да бір балаға таңдаған үйірмесі ұнамаса, ыңғайы-ынтасы болмаса, онда басқасына немесе тіпті спорттық секцияға ауысып кете алатын көрінеді. Әрине, егер ол жақта орын болса.
"Басты жаңашылдық – ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Соның арқасында балаға спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік беріледі. Яғни, қаржыландыру сақталады, одан қайтадан кезекке тұру талап етілмейді", – деді Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова.
Қолданыстағы тәжірибе бойынша үйірме-секцияны ұйымдастырушылар әрбір бала үшін ақы алады. Ал, жаңа пилоттық жоба аясында қызмет ақысын мемлекет тек нақты өткізілген сабақ үшін төлейтін болады. Сондықтан оқытушы, жаттықтырушы ауырып қалып немесе басқа себептермен сабақты неғұрлым аз өткізсе, ақыны соғұрлым аз алады.
Вице-министрдің түсіндіруінше, сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана мемлекет бөлген төлемді өзі таңдаған үйірмені ұйымдастырған ұйымға тікелей жібереді. Ата-ана, мемлекеттік оператор мен жеткізушінің өзара ықпалдастығының мұндай тәсілі жалған есептілікті және қосып жазуды болдырмайтыны айтылды.
"Егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдай алады. Бұл ретте ваучердің күші жойылмайды. Бұл – жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажеттілігін ескеруге жол ашады. Біз мемлекеттік тапсырысты субъективті түрде үлестіру тәжірибесінен бас тартамыз! Енді барлық талапқа сай ұйымдар цифрлық платформа арқылы өздері өтінім бере алады. Арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, тізімге енгізу туралы шешім қабылдайды", – деді вице-министр Мелдебекова.
Оның сендіруінше, бұл жас ұрпақты дамытуға үлес қосып, содан табыс тапқысы келетін кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ұсынады, ата-аналарға балалары үшін үйірмелер мен секцияларды еркін таңдауына жол ашады.
Министрдің орынбасары пилоттық кезең қорытындысында келіп түскен барлық сын-ескертпелер мен жиналған тәжірибе ескеріліп, жобаның қайта пысықталатынына уәде етті. Бұдан кейін жаңа жүйе республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Үйірмелерден тағы қылмыскерлер табылды
Қолданыстағы жүйенің кінәраты көп, мұны жауапты меморгандар мойындайды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландыру үшін миллиардтаған теңге бөліп келеді.
Алайда жүргізілген тексерістер барысында қаптаған заңбұзушылықтар әшкереленіпті. Атап айтқанда, ешқашан бармаған балаларды үйірмеге тіркеп қоятыны анықталған. Осы арқылы бірқатар ұйым қатысушылар саны мен қатысу көрсеткіштерін жасанды түрде көбейтіп, мемлекеттік қаражаттан көбірек қарпып қалуға талаптанған.
Бұған қоса, 164 үйірме-секцияның сабақтары қарапайым пәтерлерде, жертөлелерде және санитарлық талаптарға сай келмейтін басқа тұрғын үй-жайларда өткізіп келген.
6 өңірде бұрын істі болған қылмыскерлердің балаларды оқытқанына қатысты 20 жағдай тіркелді. Сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталды. Бұл фактілер жүйеде алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын жымқыру схемалары жолға қойылғанын паш етті.
Мәдениет министрлігінің тұжырымдауынша, заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап ірі 6 қалада бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Ведомствоның дерегінше, жоба барысында әр өңірдің ерекшелігі, сондай-ақ шығармашылық, спорттық және білім беру тапсырыстарына тән айырмашылықтар ескерілетін болады.
Бірыңғай ваучердің 2 түрі қарастырылған:
- Нысаналы (целевой) ваучер – ол тек үйірме мен спорт секцияларын ұйымдастыратын мемлекеттік мекемелерге ғана арналған және келушілерден кезекке тұруды қажет етпейді;
- Әмбебап ваучер – ол жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымдарды цифрлық форматта таңдауға мүмкіндік береді. Мұнда кезек баланың жасына және оның отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай қалыптастырылады.
Жаңа ережелерге сәйкес, үйірме-секцияға келесі талаптар қойылады:
- балалар үшін қауіпсіз инфрақұрылым,
- санитарлық нормаларды сақтау,
- өртке қарсы талаптарды сақтау,
- бекітілген білім беру бағдарламаларының болуы,
- білікті мамандарының болуы шарт.
Әрбір баланың сабаққа қатысуы платформада, цифрлық форматта, әрі күн сайын тіркеліп тұрады.
Ваучерлердің жартысы жарамсыз қалды
Сарапшылар ұқсас пилоттық жоба бұған дейін бірқатар өңірде сыналғанын еске салады. Нәтижесі көңіл көншітпейтін көрінеді. Өйткені жете қаржыландырмау, есептілікті көбейту және бақылаудың қатайтылуы салдарынан бөлінген ваучерлердің үлкен бөлігі сол бойы іске жаратылмай, босқа қалыпты.
Кәсіпкер Әлия Көңілхан жүйенің қордаланған күрмеулі проблемаларын түртіп көрсетіп, Respublica партиясына шағыммен жүгінді. Ол да билік пен бизнес орта арасында бұрын келісілгеніне және ваучерлері балалар арасында таратылып қойылғанына қарамастан, бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбегенін айтады.
ШҚО бойынша Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де кәсіпкерлер тарапынан ұқсас арыздар көп түсетінін растады. Сондықтан бұл мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің қарауына шығарылды.
Кеңесте мәлім етілгендей, 2025 жылдың басынан бері жеткізушілер шығып қалған балалардың орнына кезекте тұрған жаңаларын ала алмауда екен. Кәсіпкерлер жыл ішінде тіркелген балалардың шамамен 20–30%-ы түрлі себеппен сабаққа қатысуды доғаратынына назар аудартты. Кейбірі кейін қайта оралады екен.
"Құрметті себеппен біраз үзілістен оралған баланы қайта ала алмаймыз. Сондай-ақ үйірме немесе секцияны түпкілікті тастап кеткендер орнына жаңа балаларды да қабылдай алмаймыз. Өйткені ваучерлерді активациялау мүмкін емес, әрі аралық кезеңде кезекке жазу уақытша тоқтатылады. Салдарынан, жаттықтырушылар мен оқытушылар құрамына толыққанды еңбекақысын төлей алмаймыз. Орынжай арендасының құны көтерілуде, мекенжайды ауыстыруға тура келеді, өзінен қашықтаса ата-аналардың бір бөлігі бас тартады. Бұл жүйе табыс емес, қып-қызыл шығын әкеледі", – деп ашынды бизнес өкілдері.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы 21 жеткізуші бойынша қысқаша, ішінара талдау жүргізіп көріпті. Оның нәтижесі көрсеткендей, өңірде спорт бағытында 1 балаға орта есеппен 24 596 теңге ғана мемлекеттік тапсырыс беріледі екен.
Бұл бизнеспен әріптестік аясындағы тапсырыстан гөрі, қайыршыға тасталған тиын-тебенге көбірек ұқсайды. Соның кесірінен, үндеуге қызығып, үйірме не секция ашқандар ізінше қатты түңіліп, онысын жаба салады. Содан бір ғана өңірде бұрын мақұлданған 3 164 ваучердің 787-сі немесе 24,5%-ы пайдаланылмай қалды.
Бұдан бөлек, ваучерлерді белсенділендіру мүмкін болмағандықтан, тек 2025 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 21 жеткізушіге мемлекет ақысын 19,3 миллион теңгеге аз төлеген. Егер мұндай жағдай сақталса, жете қаржыландырмау көлемі жыл ішінде 174 миллион теңгеден асып кетпек.
Шығармашылық тапсырыс бойынша 29 жеткізушіге жүргізілген талдау бұл бағытта 1 балаға орта есеппен небәрі 21 838 теңге төленетінін көрсетті. Яғни, одан да төмен төлемдер бар. Салдарынан, бөлінген 7 442 ваучердің 4 059-ы немесе 55%-ы (!) іске жарамай қалды.
Жыл басынан бері оларға 76 миллион теңгеге аз төленіпті. Жыл соңында жете қаржыландырмау 685 миллион теңгеден асып кетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы проблема туралы біледі, бірақ қылар қайраны жоқ.
"Біз экономика басқармасына жыл сайын тиісті өтінімдерді жолдаймыз. Алайда бюджеттік комиссия оны қолдамайды", – деп қысқа қайырды басқарма өкілі.
Айта кету керек, ұқсас жағдай барлық өңірде қалыптасуда. Ендеше ваучер құны көтерілмесе, кәсіпкерлер ынталандырылмаса, қанша жерден жүйені жаңартса да, ахуал түзелмеуі ықтимал.