Жұмысшы мамандықтар жылына орай бүгін Оралда «Еңбек. Адам. Құрмет» атты өңірлік фестиваль өткізіліп, қарапайым еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді.

Ақ адал еңбегімен, қажырлы қызметімен толайым табысқа жеткен сан саланың өкілдері сөз алып, өз көрген-түйгендерімен бөлісті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз ісін өркендеткен кәсіпкерлердің өнімдері көрмеде таныстырылды.

«Еңбек. Адам. Құрмет»» атты фестивальде сөз алған сегіз спикердің ең жасы Ләззат Жанғалиева. 21-дегі ару осыдан үш жыл бұрын кәсіптік колледжді тәмамдап, Орал трансформатор зауытына жұмысқа тұрыпты. Содан бері аталған кәсіпорында түрлі лауазымда еңбек етіп келеді.

Ләззат Жанғалиева, Орал трансформатор зауытының жұмысшысы:

- Зауытқа 18 жасымда келдім. Практика болып, практикада мені бағалап, жұмысымды қарап, әрі қарай алып қалды. Жақсы жұмыс жасайсың, жақсы атқарасың деп. Өз жұмысым өзіме ұнайды. Трансформатор зауытына жастарды шақырамын.

Жұмысшы мамандықтар жылында өңірде атқарылған іс аз емес. Дәстүрлі «Еңбек жолы» байқауында еңбек әулеттеріне құрмет көрсетілді. Облыстағы кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, дуалды оқыту жүйесі кеңейтілді. Кәсіби шеберлік сайыстары, көрмелер ұйымдастырылды. Бүгінгі шарада сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев өз ісінің үздіктерін марапаттап, еңбек адамдары қашан да қоғамның қозғаушы күші екеніне тоқталды.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еңбек адамына құрмет көрсету мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі» деп, атап өткендей, өмірде көзге көрінбей жүргенімен қоғамның дамуына елеулі үлес қосатын, із қалдырған азаматтар бар. Бүгінгі «Еңбек. Адам. Құрмет» атты облыстық фестиваль – еңбек адамына деген ілтипаттың жарқын көрінісі.

Шара барысында кәсіптік колледждер мен «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлердің өнімдерінің көрмесі өтті. Жұмыс берушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап