Астанада қазақ күресінен жыл сайын өтетін басты дода – " Қазақстан барысы – 2025" республикалық турнирі мәресіне жетті. Биылғы сайысқа 43 балуан қатысып, жарыстың жүлде қоры 27 миллион теңгені құрады.

Финалдық кездесуде Марат Байқамұров былтырғы чемпион Ерасыл Қажыбаевты жеңіп, турнирдің жаңа чемпионы атанды. Ал қола жүлде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы Нұрдәулет Жарлығаповқа бұйырды.

Осы орайда Мемлекет басшысы "Қазақстан барысы – 2025" турнирінің жеңімпазын құттықтады.

"Марат Байқамұровты қазақ күресінен "Қазақстан барысы – 2025" турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шықты. Мемлекет қазақ күресінің дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсете береді", — деді мемлекет басшысы өз құттықтауында.

Марат Байқамұров жарысқа "Әскер Барысы" командасының атынан қатысса, Ерасыл Қажыбаев – Абай облысының, Нұрдәулет Жарлығапов – Маңғыстау облысының намысын қорғады.

27 жастағы Марат Байқамұров дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі (100 кг дейінгі салмақ дәрежесі). Биыл ол Ташкент қаласында өткен Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алып, әлем чемпионатына қатысқан болатын.

31 жастағы Ерасыл Қажыбаев 100 кг-нан жоғары салмақта өнер көрсетеді. Ол бес мәрте әлем чемпионатына (2018, 2021, 2022, 2024, 2025) қатысып, 2025 жылы Астанада өткен Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері, сондай-ақ 2023 және 2025 жылдары Бакуде өткен Grand Slam жарыстарының қола жүлдегері атанды.

"Қазақстан барысы" турнирі 2011 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және елдегі ең беделді спорттық жарыстардың бірі саналады.