Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып отырған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясына ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы белсенді қатысуда.
Мәселен бүгін елордада "ҚазМұнайГаз саябағы" ашылды. Қоршаған ортаның гүлденуіне атсалысқан компания қызметкерлері 3,5 гектар аумаққа 1300-ден астам түп ағаш отырғызып, бас қаланы көркейтуге өз үлестерін қосты.
Сенбінің таңында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпұлттық экологиялық акциясы аясында Астанада ағаш отырғызды. Жаңадан ашылған ҚазМұнайГаз саябағының 3,5 гектар аумағы жасыл желекпен көмкерілді. Шараға қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының басшысы Асхат Хасенов қатысты.
Бексұлтан Әкімхан, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ Бюджеттеу және жоспарлау департаментінің жетекші экономисі:
- Қаламыздың өсуіне, өркендеуіне еңбек еткен барша азаматтарға мың да бір алғыс. Өзіміздің қолымыздан келген жұмысымызды жасауға біз де атсалысып жатырмыз ҚазМұнайГаздың атынан.
Сенбілікке «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері тайлы тұяғы қалмай келді. Барлығы жұмыла жүріп бос жатқан алқапты жасыл желекке бөлеп шықты. Бүгінгі экологиялық акцияға елордада 150-ден астам адам қатысты.
Гүлвира Бақытқызы, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ Декарбонизация және экология басқармасының бас маманы:
- «Таза Қазақстан» акциясы бойынша 270-тей сенбілік өткізілді. Оған 9 мыңдай адам қатысты. Апта сайын Қазақстан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 109 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 40 мыңдайы отырғызылды.
Айта кету керек, бүгін «ҚазМұнайГаздың кәсіпорындары орналасқан аймақтардағы еншілес компания қызметкерлері де ағаш отырғызып, сенбілікке шықты. ҚазМұнайГаздың қолдауымен Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданында орманды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Оның аясында 22 гектар аумаққа 150 мың қарағай көшеті отырғызылды.
Риат Шони, Дастан Байдильдин