Алматы облысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Әскери тікұшақ 25 шілде күні күндіз радардан жоғалып кеткен, — деп хабарлайды Egemen.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тікұшақты іздеу жұмыстары түнгі уақытта да тоқтамай жүргізілуде. Ақпарат жаңарған сайын министрлік қосымша мәлімет беретінін мәлімдеді.

25 шілде күні сағат 15:13 шамасында Алматы облысында әскери тікұшақты іздеу жұмыстары басталғаны хабарланған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы жоспарлы ұшу тапсырмасын орындап жүрген. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жолданды. Алты сағат өтсе де әуе көлігі әлі табылған жоқ.