Ресей империясының сыртқы саясатының архивіне алғаш кірген қазақ зерттеушісі, профессор Болатбек Нәсенов Әбілқайыр хан туралы тың ақпаратпен бөлісті.
Бұл туралы ол Дулат Тастекейге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Әбілқайырды кім өлтірді? Барлық жерде Барақ сұлтан дейді. Барақ сұлтан өлтірген жоқ, өлтіртті. Оны өлтірген арғын Сырымбет батыр. Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” деген поэмасындағы атақты Сырымбет батыр. Өлтіргені дұрыс емес бірақ, Әбілқайыр қызғаншақ болған. Екіншіден, ол хан бола алмаған. Хандық жұмысты оның бәйбішесі Бопай шешей атқарған. Генерал губернатор Неплюевтің хатын тауып алдым. Ол былай дейді: Әбілқайыр хан емес, қарақшы. Ол хан болуға лайықты емес. Алғашқыда жоңғарларды қуып шығып, бүкіл халыққа жақты, бірақ қазір қарақшылықпен ғана шұғылданады. Бұның жұмысын атқарып жүрген Бопай шешей. Сосын мен жазған бір хатты оқып қойыпты. Бір уақытта қамшымен келіп, екі күзетшімді екі жаққа лақтырып жіберіп, кіріп келіп, мені қамшының астына алды. Үстелдің астына тығылдым. Содан суырып алып, сабап жатқанда күзетшілерім арашалап алды. Ол Қабанбайдан, Бөгенбайдан, Шақшақ Жәнібектен де мықты батыр. Батыр ретінде мақтауға болады, бірақ хан ретінде емес дейді”, — дейді зерттеуші.
Зерттеуші Әбілқайыр ханның өліміне қатысты да тың дерекпен бөлісті.
”Екінші жағдай, Сырымбет батыр Әбілқайыр ханды қызбалықпен өлтірген сияқты. Оны өлтіргеннен, көмекшісін қоя беріп, Бопай шешейге айт дейді. Бопайда 7 ұл бар екен. Ол “Есікті жабыңдар, осы есіктен Әбілқайырды Сырымбет батыр өлтірді деген шықпасын. Ол бізге масқара. Ханды хан ғана өлтіреді, ханды хан тұқымы ғана жазалайды. Барақ сұлтан өлтірді деген өсек таратыңдар” дейді. Сондай әңгіме таратады. 3 жыл өткеннен кейін Әбілқайырдың Ералы деген екінші ұлы Сырымбетті аңдып жүреді. Қару-жарақсыз жайлауға кетіп бара жатқанында Сырымбетті, бесіктегі баласын пышақпен турап өлтіреді. Әйелі қашып үлгереді”, — дейді Болатбек Нәсенов.
Аталмыш сұхбат 1 ай бұрын жарық көрсе де, әлеуметтік желіде кейінгі күндері қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары зерттеуші айтқан дерекке қатысты түрлі пікір жазуда.
”Осы кісілер не шағатайша, не арабша , не парсыша білмейді. Не Әбілқайырдың, не Абылайдың мөрін оқи алмайды. Шал болғанда білгендерін жеп отырады”, “Неплюевтің сөзіне неге сенесіз, ол қазақтың жауы ғой”, “Мына кісі алжыған ба”, “Ресейдің архивінде біздің тарихымыз сол күйі жазылғанына күмәнім бар”, “Мына кісі сауатсыз екен”, — деп жазды олар.

