Бұл саяси декларация әлеуметтік дамуды жеделдетуге бағытталған.

Катар астанасы Дохада өткен Әлеуметтік дамудың ІІ дүниежүзілік саммитінде әлем көшбасшылары Доха саяси декларациясын қабылдады, деп хабарлады Біріккен ұлттар ұйымының ресми сайты.

Декларацияны қабылдау арқылы әлем елдерінің үкіметтері кедейлікпен күресу, жаңа жұмыс орындарын ашу, дискриминацияға қарсы тұру және инклюзивті қоғам құру жолында күш біріктіреді.

Бұл құжатта әлеуметтік даму тек моральдық міндет қана емес, сонымен бірге бейбітшілік, тұрақтылық және экономикалық өсудің қажетті шарты екені жазылған. Декларация әлеуметтік әділеттілікті бейбітшілікпен, қауіпсіздікпен және адам құқықтарымен байланыстыра отырып, климаттың өзгеруіне қарсы шұғыл шаралар қабылдауға шақырады. Құжат ережелерінің орындалуын БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) жанындағы Әлеуметтік даму жөніндегі комиссия бақылайды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының төрайымы Анналена Бербоктың айтуынша, соңғы онжылдықтарда әлемдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, аса кедейлік көрсеткіштері азайғанымен, әлі де айтарлықтай теңсіздік сақталып отыр және ол ең бірінші кезекте әйелдер мен жастарға әсер етеді.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу барысының тым баяу жүріп жатқанын ескертті.

"Доханың саяси декларациясын басшылыққа ала отырып, адамзат күткен және лайықты батыл жоспарды жүзеге асырайық», – деді Антониу Гутерриш.

Еске салайық, Дохада өткен саммитке 40-тан астам мемлекет және үкімет басшысы, 170 министр, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, жастар қозғалыстарының көшбасшылары, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар – барлығы 14 мыңнан астам адам қатысты.


Оқи отырыңыз:

  • БҰҰ Балалар қоры жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға бизнесті тартады
  • Қазақстан бақыт рейтингінде 43-орынды иеленді – БҰҰ баяндамасы