Қырық жылдық тарихы бар Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қуыршақ театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссёрі Бекпулат Пармановтың сахналауымен «Мұңлық – Зарлық» ертегісін балаларға тарту етті.
Режиссёр көнеден келе жатқан «Мұңлық-Зарлық» эпостық жырын жас көрерменге халық ертегісі форматында ұсынды. Ертегіші сандықтан кітапты алып: «Бұл ертегі күн мен нұр деген мағына білдіреді. Он сан ноғай ішінде Шаншар атты хан болыпты, қанша әйел алса да бір перзентке зар болыпты...» деп бастап, «О, Құдай мен қартайдым, бәйбішем маған бір перзент сыйлай алмады. Өмірім ұрпақсыз өтіп барады», деп адамның сай сүйегін сырқыратып балаларды қойылымға бірден баурап алады.
Хан кейпіндегі қуыршаққа көз тартар қазақтың ұлттық киімін кигізген. «О, хан ием, үмітіңізді үзбеңіз. Сізге мұрагер сыйлайтын айдай сұлу Ханшайым алып келдім» деп жаны ашыған болып, миығынан күлген бәйбішенің сүйкімсіз келбеті де нанымды кескінделген. Эпостық жырда «ханның алпыс әйелі бар» деп айтылса, бұл ертегіде бір ғана бәйбішенің аты аталады. Себебі «алпыс әйелі бар» деген сөз бала ұғымына түсініксіз болатыны анық. Хан мұрагер сыйлайды деген үмітпен Ханшайымды жар етіп алады.
Арада тоғыз ай, он күн өтеді. Қызғаныштың қызыл иті ішін тырнаған бәйбіше Мыстан кемпірді алдыртып, «мұрагердің көзін құрту керек, бір нәрсе ойлап тап» деп бұйрық береді.
Сахна сыртында ханның қарқылдап күлген қуанышты дауысы шығады. Хан рөлін сомдаған әртіс Жанболат Каменов күлкісінің шынайылығына риза болдық.
Ханның жас келіншегіне тісін қайрап жүрген бәйбішенің ұсқынсыз кейпін Гүлнұр Асылбекова ойнады. Қуыршақ бәйбішенің басын оңды-солды қозғап, қолын сермеп, жаңа туып жатқан егіз нәрестені мыстанға беріп, көзін құртуға әрекет етеді. Сахнада жаңа туған нәрестенің іңгәлап жылаған дауысы естіледі. Мыстан кемпір (әртіс Зере Тұрсымұратова) себеттегі жаңа туған нәрестелердің орнына қасқырдың бөлтіріктерін салып жібереді.
«Енді қайттім, мен перзентімнің дауысын өз құлағыммен естідім. Мен сендерден бас тартпаймын, жабайы төлдер!» деп қос бөлтірікті құшақтап жылаған дәрменсіз Ханшайымды сомдаған әртіс Гүлім Молдабергенова көрерменнің аяушылық сезімін оята алды.
Мыстан орманға барып, балаларды тастың үстіне қалдырады. Тас үстінде іңгәлап жылап жатқан ораулы сәбилерді көрген марал (бұл рөлде де әртіс Зере Тұрсымұратова) сүтін беріп, балаларды асырай бастайды. Ертегінің осы тұсы кейбір адамда жануардай жылы жүректің жоқтығын жеткізеді.
Жылдар өтті. Өтіп жатқан уақытты сазды музыка арқылы әдемі жеткізеді. Осы ретте музыкамен көркемдеуші Ирина Федосенконың талғамына тәнті болдық. Ал орман, тау-тас, жортып жүрген жануарлар бейнесін беруде қоюшы суретші Жұмабай Сарсенов, суретші-декоратор Х.Айтпаев пен А.Сұлтанбектің шеберлігі байқалады. Мұңлық (әртіс Жұлдыз Көктай) пен Зарлық (әртіс Мейіржан Төлегенов) ормандағы түрлі құстың дауысын айнытпай салып, құлын-тайдай тебісіп, алысып ойнап жатқан шағын қуыршақты шебер ойната білді. Қойылымды көріп отырып біз «қуыршақтың бір жері үзіліп кетпесе жарар еді» деп қорықтық. Бұл шымылдықтың сыртында қызмет етіп жатқан техникалық құрамның қуыршақтарды сапалы жасағанының жемісі.
Орманның бергі бетіндегі Ханшайымның бөлтіріктері де орманның көсем бөрісіне айналған еді. «Ау-у-уу» деп ұлып, орманда еркін жортып жүрген қасқырлардың рөлін ойнаған Жанболат Каменов пен Аркадий Побединский кішкентай көрермендердің ықыласына бөленді. Қасқыр жортып келе жатып, құлдыраңдап жүгіріп жүрген балаларға жолығады. Өстіп оқиға өрби келіп, Мұңлық пен Зарлық аналарымен жолығады.
«Осыған дейін қойылып жүрген драмада күшіктер қолданылса, бұл ертегіде бөлтіріктерді пайдаландым. Бөлтірік күшікке қарағанда күштірек. «Қасқырдың терісін сыпырсаң да, тектілігін сыпыра алмайсың» деп бөріні киелі деп пір тұтқан. Ертегінің соңында бәйбішені жыланға айналдырып жібердім. Жылан – жағымсыз образ. Тілінен уы тамған, ханның қойнына кіріп алып, зұлымдық жасап жүрген бәйбішенің рөлі осыған сұранып тұр», дейді қоюшы режиссёр Бекпулат Парманов.
«Қуыршақ» театрының труппа меңгерушісі Ұлбосын Байысбек: «Шытырман оқиғаға толы эпосты тереңдетпей, баланың санасына лайықты ертегі ретінде алып шықтық. Кішкентай көрерменін ерлікке, адамгершілікке тәрбиелейтін қойылым жасағымыз келді», деді ол.
Ұлытау облысы